Атыраудағы №49 «Келешек» мектебінде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында республикалық «Түлектер ағашы» ағаш егу челленджі ұйымдастырылды.
Игі бастамаға мектептің 2026 жылғы түлектері, ұстаздар, ата-аналар және қоғам белсенділері қатысты. Шара барысында қатысушылар білім ордасының аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, мектеп айналасын көгалдандыруға өз үлестерін қосты.
Түлектер үшін бұл шара тек экологиялық акция ғана емес, сонымен қатар туған мектепке деген алғыс пен құрметтің белгісіне айналды. Әрбір отырғызылған көшет – олардың мектеппен байланысын сақтайтын ерекше естелік. Жас түлектер өз қолдарымен еккен ағаштарының болашақта жайқалып өсіп, келесі буынға сая болатынына сенім білдірді.
Аталған челлендждің негізгі мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлық көзқарасты арттыру және жауапты азамат тәрбиелеу. Сонымен қатар, бұл бастама ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қоғамда игі дәстүр ретінде қалыптасып келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Түлектер ағашы» челленджі алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің жасыл желегін арттыруға ықпал етпек.
Н. Насыр

