Үздік педагогтер Құлсарыда бас қосты

 

Құлсары қаласында «Теңіз ұстазы» атты ауқымды педагогикалық фестиваль аяқталып, білім саласындағы маңызды ұзақмерзімді жобаның салтанатты жабылу рәсімі өтті. Жылыой ауданы әкімдігі ұйытқы болып, «Теңізшевройл» ЖШС-і қолдау танытқан іс-шараны «Жаңа білім беру бастамалары» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Фестиваль аясында мыңнан астам мұғалім қатысқан білім беру бастамасының нәтижелері сараланып, педагогикалық шеберлік байқауының финалистері марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша ең үздік деп танылған 10 педагог бағалы сыйлықтарға ие болды. Олардың арасынан 3 мұғалім бас жүлдені жеңіп алып, кәсіби біліктілігімен ерекшеленді. Сонымен қатар қатысушыларға «Жаңашыл ұстаз» және «Креатив ұстаз» секілді арнайы номинациялар табысталды.

Жоба ұйымдастырушысы Айнагүл Оспанованың айтуынша, «Теңіз ұстазы» бастамасы педагогтердің кәсіби дамуына тың серпін берген.

– Мұғалімдер LMS-платформасындағы онлайн курстарды меңгеріп қана қоймай, офлайн семинарлар мен 40 сағаттық интенсивті оқудан өтті. Нәтижесінде қатысушылар функционалдық сауаттылықты арттыруға бағытталған жаңа тәсілдерді игеріп, PISA форматындағы білім беру талаптарын тереңірек меңгеруге мүмкіндік алды. Фестиваль осы білім мен тәжірибенің іс жүзінде қалай қолданылып жатқанын көрсеткен маңызды алаңға айналды, — деді ұйымдастырушы.

Іс-шара барысында білім беру саласында танымал сарапшы ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында Альфа ұстаз Марат Айтқалиев, халықаралық AI тренері Айдын Мауытхан, PISA 2029 сарапшысы Аида Абильякимова, «Ұстаз 2.0» жобасының өкілі Райымбек Қадіров және мектеп директоры Жанаргүл Шарғабаева бар. Спикерлер заманауи білім беру үдерісіндегі өзекті бағыттар, цифрлық технологиялардың рөлі және жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің жаңа бейнесі туралы ой қозғады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль бағдарламасы дәстүрлі әдістер шеңберінен шығып, болашақ білім беру стандарттарын таныстыруға бағытталған. Бұл алаң педагогтерге жаңа көзқарас қалыптастырып, кәсіби ізденіске жол ашты.

«Теңіз ұстазы» жобасы Жылыой ауданы педагогтері үшін функционалдық сауаттылықты дамытуға, білім беру сапасын арттыруға және жасанды интеллект кеңістігінде бәсекеге қабілетті болуға нақты бағдар ұсынған маңызды бастама ретінде есте қалды.

 

Алмас ҚАБДОЛ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT