А вирустық гепатитінен қорғанудың тиімді жолдары

ашық дереккөзден

 

А вирустық гепатиті – бауырды зақымдайтын жіті жұқпалы ауру. Бұл инфекция кез келген жаста кездесуі мүмкін, сондықтан оның жұғу жолдарын білу және күнделікті қарапайым профилактикалық шараларды сақтау маңызды.Аурудың қоздырғышы – А гепатитінің вирусы. Инфекция көзі – ауру адам. Вирус қоршаған ортаға нәжіспен бөлініп, адам ағзасына негізінен ластанған су, тағам және қол арқылы түседі. Сондықтан А вирустық гепатитін көбіне «лас қол ауруларының» қатарына жатқызады.Аурудың жасырын кезеңі бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Алғашқы белгілері жалпы әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі және іштің жайсыздануымен байқалады. Кейінірек зәрдің түсі қоюланып, нәжіс ағаруы, тері мен көздің ақ қабығының сарғаюы мүмкін.

А вирустық гепатитінің алдын алуда жеке бас гигиенасын сақтау ерекше орын алады. Дәретханадан кейін, тамақ дайындау алдында және тамақтанар алдында қолды сабынмен мұқият жуу қажет. Балаларға да қол жуу дағдысын кішкентай кезінен қалыптастырған жөн.

Ауыз суының қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керек. Күмәнді су көздерінен алынған суды пайдаланбаған дұрыс. Қажет болған жағдайда суды қайнатып ішу керек. Көкөністерді, жемістер мен көк шөптерді тұтынар алдында ағынды сумен мұқият жуу қажет.

Тағам өнімдерін дайындау және сақтау кезінде санитариялық талаптарды сақтау, шикі және дайын өнімдерге арналған ас үй құралдарын бөлек пайдалану маңызды. Көшеден немесе белгіленбеген сауда орындарынан тағам өнімдерін сатып алғанда олардың қауіпсіздігіне назар аударған жөн.
А вирустық гепатитінің арнайы алдын алу шараларының бірі – вакцинация. Қазақстанда балаларға А вирустық гепатитіне қарсы профилактикалық екпе Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Уақтылы жүргізілген вакцинация аурудың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады.
Отбасында немесе ұжымда А вирустық гепатитімен ауырған адам анықталған жағдайда байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынады және қажетті эпидемияға қарсы шаралар жүргізіледі.

Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, зәр түсінің қоюлануы немесе көз бен терінің сарғаюы сияқты белгілер байқалған жағдайда өздігінен емделмей, медициналық ұйымға дер кезінде жүгіну қажет.

Есте сақтаңыз! Таза қол, қауіпсіз ауыз су, сапалы тағам және уақтылы вакцинация – А вирустық гепатитінің алдын алудың негізгі жолдары.

 

Б.ҚАРТМАҒАНБЕТОВА,

Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT