Адам папилломавирусынан қорғану – қатерлі ісіктің алдын алудың маңызды қадамы

ашық дереккөзден

 

Адам папилломавирусы (АПВ) – кең таралған вирустық инфекциялардың бірі. АПВ-ның көптеген түрлері бар, олардың кейбір жоғары онкогенді түрлері жатыр мойны обырының және басқа да қатерлі ісіктердің дамуымен байланысты.

АПВ көбіне жақын қарым-қатынас, соның ішінде жыныстық жолмен жұғады. Инфекцияның ерекшелігі – адам вирус жұқтырғанын ұзақ уақыт бойы білмеуі мүмкін. Көп жағдайда ешқандай клиникалық белгі байқалмайды. Алайда жоғары онкогенді АПВ түрлері ағзада ұзақ уақыт сақталған жағдайда жасушалық өзгерістерге әкелуі ықтимал.Вакцинация – тиімді алдын алу шарасы. АПВ инфекциясының арнайы профилактикасының негізгі тәсілі – вакцинация. Вакцина ағзада АПВ-ның қауіпті түрлеріне қарсы иммундық қорғаныс қалыптастыруға бағытталған. Екпені вируспен кездеспей тұрып алу оның профилактикалық тиімділігін арттырады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес АПВ-ға қарсы жоспарлы вакцинация 11 жастағы қыздарға жүргізіледі. Екпе ата-анасының немесе заңды өкілінің ақпараттандырылған келісімімен жасалады.11–13 жас аралығындағы қыздарға вакцинацияның толық курсы екі дозадан тұрады. Бірінші және екінші дозаның аралығы – 6 ай.Сонымен қатар 2026 жылдан бастап АПВ-ға қарсы вакцинациямен қамтылатын жасөспірімдердің жасы кеңейтілді. 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға қосымша вакцинация ерікті негізде жүргізіледі. Бұл жаста вакцинация курсы үш дозадан тұрады: бірінші доза – таңдалған күні, екінші доза – бірінші дозадан кейін 2 айдан соң, үшінші доза – бірінші дозадан кейін 6 айдан соң.

Екпе  тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарда жүргізіледі. Вакцинация алдында медицина қызметкері баланы қарап, қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын анықтайды.

Вакцинациямен қатар скрининг те маңызды

АПВ-ға қарсы вакцинация әйелдерді профилактикалық тексеруден босатпайды. Жатыр мойны обырына жүргізілетін скрининг ауру алды өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан вакцинация мен уақтылы скрининг бірін-бірі толықтыратын маңызды профилактикалық шаралар болып табылады.

Ата-аналарға баланың болашақ денсаулығына жауапкершілікпен қарап, вакцинацияға қатысты ақпаратты сенімді медициналық дереккөздерден алуға кеңес береміз. Екпеге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда учаскелік дәрігерден немесе медициналық ұйым мамандарынан кеңес алған жөн.
Есте сақтаңыз! АПВ-ға қарсы вакцинация – инфекциядан ғана емес, болашақта АПВ-мен байланысты қатерлі ісіктердің даму қаупін төмендетуге бағытталған маңызды профилактикалық шара.

 

Б.ҚАРТМАҒАНБЕТОВА,

Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT