Атырауда балалар ортопедиясы бойынша шеберлік сағаты басталды

 

Атырау облысында алғаш рет балалардың аяқ-қолындағы туа біткен және жүре пайда болған патологияларды хирургиялық жолмен емдеуге арналған шеберлік сағаты басталды. Ол «BI-Жұлдызай» қорының қолдауымен 7-11 қыркүйек аралығында облыстық балалар ауруханасында өтеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Шеберлік сағатына Беларусь Республикасының Минск қаласындағы Травматология және ортопедия республикалық ғылыми-практикалық орталығы балалар травматологиясы және ортопедиясы бөлімінің меңгерушісі Юрий Лихачевский арнайы шақырылған.

– Бес күн ішінде заманауи хирургиялық әдістерді қолдана отырып, 12 ота жасау жоспарланған. Оның екеуіне Ақтау қаласынан келген балалар қатысады. Күрделі операцияларды шетелдік маман мен Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері бірлесіп жасайды, – деді Травматология бөлімінің меңгерушісі Сергей Хван. 

Бағдарлама аясында Юрий Лихачевский пациенттерді қабылдап, консультация береді. Сонымен қатар балалардың денсаулық жағдайын бағалап, әрі қарай емдеу және оңалту бойынша ұсыныстарын ұсынады.

Шеберлік сағатының негізгі мақсаты – балалар травматологиясы мен ортопедиясына заманауи хирургиялық әдістерді енгізу, жергілікті дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және балаларға көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT