Адамның қос жанары – табиғаттың ең күрделі әрі ғажайып жаратылыстарының бірі. Көз арқылы біз қоршаған ортаны танып, өмірдің әсемдігін сезінеміз. Сондықтан көз саулығын сақтау – әрбір адамның басты міндеттерінің бірі.
Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер арасында көз аурулары, әсіресе алыстан көрмеушілік (миопия) жиі кездесуде. Бұл жағдайдың негізгі себептері – ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, смартфон, компьютер, планшет сияқты құрылғыларды ұзақ уақыт пайдалану, сондай-ақ оқу барысында көзге түсетін шамадан тыс жүктеме.
Медицина мамандарының айтуынша, соңғы жылдары көз дәрігеріне қаралатын жастардың басым бөлігінде миопия анықталуда. Бұл өз кезегінде ата-аналар мен мұғалімдердің балалардың көру қабілетіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін көрсетеді. Уақытында алдын алу шараларын жүргізу – көз ауруларының асқынуының алдын алудың тиімді жолы.
Көз – өте нәзік әрі сезімтал мүше. Оған бөгде заттардың түсуі немесе түрлі химиялық сұйықтықтардың әсері көздің зақымдануына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда алғашқы көмек көрсету маңызды рөл атқарады. Егер көзге бөгде зат түссе, оны қайнатылған жылы сумен сыртынан ішіне қарай бірнеше рет жуу қажет. Ал көзге қышқыл немесе сілті сияқты қауіпті сұйықтықтар тисе, көзді дереу таза сумен молынан шайған дұрыс. Егер көз қызарып, жасаурап, ауырсыну басылмаса, міндетті түрде дәрігер көмегіне жүгіну қажет. Сонымен қатар, көзді қолмен уқалауға болмайды, тек таза және жұмсақ матамен абайлап сүрткен жөн.
Көз ауруларының алдын алу үшін күнделікті өмірде қарапайым ережелерді сақтау қажет. Ең алдымен, жұмыс орнының жарығы дұрыс болуы тиіс: ол тым жарық немесе тым күңгірт болмауы керек. Үстел шамының жарығы сол жақтан түскені дұрыс. Кітап оқығанда немесе компьютермен жұмыс істегенде көз бен заттың арақашықтығы шамамен 30–35 см болуы қажет. Сондай-ақ денені тік ұстап, дұрыс отыру да көзге түсетін жүктемені азайтады.
Оқу мен демалысты алмастырып отыру, компьютермен ұзақ жұмыс істегенде арнайы көз жаттығуларын жасау – көз саулығын сақтаудың маңызды шарттарының бірі. Бұдан бөлек, косметикалық құралдарды, әсіресе көзге арналған өнімдерді, ұйықтар алдында міндетті түрде тазалау қажет.
Қорытындылай келе, көз – адам өміріндегі ең құнды мүшелердің бірі. Оны күтіп, қорғау – әр адамның өз қолында. Балалардың көз саулығына бүгіннен бастап көңіл бөлу – олардың жарқын болашағына жасалған маңызды қадам.
Б.С.ҚАРТМАҒАНБЕТОВА,
Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

