Балалардың денсаулығын сақтау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе білім беру ұйымдарында оқушыларды қауіпсіз әрі сапалы тамақпен қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Себебі тамақ өнімдерін дайындау, сақтау немесе тасымалдау талаптарының бұзылуы тағамнан улануға және жұқпалы аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін.
Тамақтан уланудың негізгі себептеріне сапасыз немесе жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді пайдалану, тағамдарды дұрыс сақтамау, шикі және дайын өнімдердің жанасуы, тағам дайындау технологиясының бұзылуы, сондай-ақ асхана қызметкерлерінің жеке бас гигиенасын сақтамауы жатады.
Білім беру ұйымдарының асханаларында келіп түскен азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігіне, жарамдылық мерзіміне және сақтау жағдайларына тұрақты бақылау жүргізілуі қажет. Тез бұзылатын тағамдар белгіленген температуралық режимде сақталуы тиіс. Шикі және дайын өнімдерді өңдеуге арналған құрал-жабдықтар мен ыдыстар бөлек пайдаланылып, ас үй мен асхана бөлмелерінің тазалығы қамтамасыз етілуі керек.
Тағам белгіленген мәзір мен технологиялық талаптарға сәйкес дайындалуы маңызды. Асхана қызметкерлері арнайы таза киіммен жұмыс істеп, жеке бас гигиенасын сақтауы және міндетті медициналық тексерулерден уақытылы өтуі қажет.
Оқушылар да қарапайым гигиеналық талаптарды есте ұстағаны жөн. Тамақ ішер алдында қолды сабынмен жуу, сырттан немесе күмәнді сауда орындарынан алынған тағамдарды пайдаланбау, сыртқы түрі, иісі немесе дәмі өзгерген өнімдерді тұтынбау – тамақтан уланудың алдын алудың қарапайым әрі тиімді жолдары.
Ата-аналар балаларының мектепке алып баратын тағамдарына да назар аударуы керек. Тез бұзылатын тағамдарды бөлме температурасында ұзақ уақыт сақтауға болмайды.
Егер балада тамақтан кейін жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, іш өтуі, дене қызуының көтерілуі немесе әлсіздік сияқты белгілер байқалса, өз бетінше емдеумен айналыспай, медициналық көмекке жүгінген жөн. Бірнеше балада ұқсас белгілер байқалған жағдайда бұл туралы білім беру ұйымының медицина қызметкері мен басшылығына дереу хабарлау қажет.
Тамақтан уланудың алдын алу – тек асхана қызметкерлерінің ғана емес, білім беру ұйымы, ата-аналар мен оқушылардың ортақ жауапкершілігі. Санитариялық-гигиеналық талаптарды күнделікті сақтау арқылы балалар арасында тамақтан улану жағдайларының алдын алуға және олардың денсаулығын қорғауға болады.
Балалардың қауіпсіз тамақтануы – олардың денсаулығы мен болашағының кепілі.
Б.КАРТМАГАНБЕТОВА,
Исатай аудандық СЭББ басшысы



