Биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) – дәрілік препараттар қатарына жатпайтын, тағам рационын толықтыруға арналған қосымша өнімдер. Олардың негізгі мақсаты – ағзаны витаминдермен, минералдармен және биологиялық белсенді заттармен қамтамасыз ету арқылы денсаулықты қолдау.
Қазіргі уақытта ББҚ кеңінен қолданылып келеді. Дегенмен, оларды дұрыс пайдалану және қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды.
Биологиялық белсенді қоспалар құрамына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Олардың ішінде витаминдер мен минералдар кешені (D, C дәрумені, темір, магний, кальций және т.б.), өсімдік тектес қоспалар (женьшень, эхинацея, түймедақ, алоэ және басқа шөп сығындылары), аминқышқылдар мен омега май қышқылдары (омега-3, омега-6), сондай-ақ пробиотиктер мен пребиотиктер бар. Бұл қоспалар ағзаның әртүрлі жүйелерін қолдауға бағытталған.
ББҚ белгілі бір жағдайларда қосымша қолдау ретінде қолданылуы мүмкін. Оларға витаминдер мен минералдардың жетіспеушілігі, иммундық жүйені нығайту қажеттілігі, күшті физикалық немесе психоэмоционалдық жүктемелер, сондай-ақ спортпен тұрақты айналысу жатады.
Сонымен қатар, ББҚ қолдану кезінде бірқатар маңызды талаптарды ескеру қажет. Бұл қоспалар ауруды емдемейді және дәрілік препараттардың орнын алмастырмайды. Артық мөлшерде қолдану ағзаға кері әсер етуі мүмкін. Созылмалы аурулары бар адамдар, жүкті және бала емізетін әйелдер міндетті түрде дәрігермен кеңесуі тиіс. Өнімді тек сенімді көздерден алу қажет.
Б.С.ҚАРТМАҒАНБЕТОВА,
Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

