Дайын тағамды жеткізуге қойылатын санитариялық талаптар

ашық дереккөзден

 

Қазіргі таңда дайын тағамға тапсырыс беру қызметі күн сайын артып келеді. Бұл – уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін өте қолайлы қызметтердің бірі. Дегенмен, дайын тағамның қауіпсіздігі оны дайындауға ғана емес, дұрыс буып-түюге, тасымалдауға және тұтынушыға жеткізу кезінде санитариялық талаптардың сақталуына да тікелей байланысты.


Тағамнан уланудың алдын алу үшін дайын тағамдарды жеткізу кезінде белгіленген санитариялық талаптарды сақтау өте маңызды.
Ең алдымен, дайын тағам арнайы, таза және тағаммен жанасуға арналған тығыз жабылатын контейнерлерде, термобокстарда немесе термосөмкелерде жеткізілуі тиіс. Мұндай қаптамалар тағамның сапасын сақтап, сыртқы ортаның әсерінен қорғауға мүмкіндік береді.
Ыстық тағам буып-түйілген кезде оның температурасы кемінде 85°С, ал салқын тағамдардың температурасы 8°С-тан аспауы қажет. Температуралық режимнің сақталуы тағамда ауру тудыратын микроорганизмдердің көбеюіне жол бермейді.
Тамақтану объектісінен тыс жеткізілетін салаттарға, бірінші және екінші тағамдарға тұздықтарды алдын ала қосуға болмайды. Олар міндетті түрде жеке қаптамада берілуі тиіс.
Дайын тағамдарды тасымалдау тек арнайы, таза және осы мақсатқа арналған көлік құралдарымен жүзеге асырылуы қажет. Тамақ өнімдерін тасымалдауға арналған көлікті басқа жүктерді тасымалдау үшін пайдалануға жол берілмейді. Сонымен қатар көлік құралдары тағамды белгіленген температурада сақтауға мүмкіндік беруі тиіс.
Тағамды жеткізумен айналысатын қызметкерлер міндетті түрде медициналық тексеруден өтіп, жеке медициналық кітапшасы болуы, сондай-ақ кәсіби гигиеналық оқытудан және аттестаттаудан өткен болуы қажет.
Әрбір дайын тағамның қаптамасында тұтынушы үшін қажетті ақпарат толық көрсетілуі тиіс. Атап айтқанда, өнімнің атауы, құрамы, дайындалған күні мен уақыты, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, өндірушінің атауы мен мекенжайы, тағамдық құндылығы және пайдалану жөніндегі ұсынымдар болуы қажет.
Дайын тағамға тапсырыс берген кезде өнімнің қаптамасының бүтіндігіне, дайындалған күніне, жарамдылық мерзіміне және сақтау шарттарына міндетті түрде назар аударыңыз. Егер тағамның сыртқы түрі, иісі немесе дәмі күмән тудырса, ондай өнімді тұтынудан бас тартқан жөн.
Тағам қауіпсіздігі – әрқайсымыздың денсаулығымыздың кепілі. Санитариялық талаптарды сақтау арқылы тағамнан уланудың алдын алып, өз денсаулығымызды және жақындарымыздың денсаулығын қорғай аламыз.

 

А.Ж.Нуралиева 
Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
 бақылау басқармасының 
басшысының міндетін атқарушы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT