«Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау» ақпараттық жүйесі – санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды цифрландыру

ашық дереккөзден

 

Қазіргі таңда қоғамның барлық саласында цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, жұмыс процестерін жеңілдету және ақпарат алмасуды жеделдету мақсатында жаңа ақпараттық жүйелер енгізілуде. Осындай жаңашылдықтардың бірі – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында енгізілген «СЭН» ақпараттық жүйесі.

СЭН ақпараттық жүйесі – санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы мәліметтерді электрондық түрде жинақтауға, өңдеуге, сақтауға және бақылауға арналған бірыңғай цифрлық жүйе. Оның енгізілуі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы бірқатар жұмыс процестерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Жүйенің негізгі мақсаты қандай?

СЭН ақпараттық жүйесінің негізгі мақсаты – санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы ақпараттарды бір жүйеге біріктіру, қағаз құжат айналымын азайту, мамандардың жұмысын жеңілдету және қажетті мәліметтерді жедел алуға жағдай жасау. Бұрын әртүрлі ақпараттық ресурстарда немесе қағаз түрінде жүргізілген мәліметтердің цифрлық форматқа көшірілуі ақпаратты іздеу мен өңдеуге кететін уақытты азайтады. Сонымен қатар мәліметтердің жүйелі жүргізілуіне және олардың өзектілігін бақылауға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлер үшін қандай мүмкіндік береді?

СЭН ақпараттық жүйесі кәсіпкерлер үшін де маңызды. Кәсіпкер жүйеге кіріп, жеке кабинеті арқылы өзінің кәсіпкерлік субъектісі мен объектісіне қатысты мәліметтерді көріп, олардың дұрыстығын тексере алады. Мысалы, қоғамдық тамақтану, сауда, білім беру, медициналық қызмет көрсету, тұрмыстық қызмет көрсету және санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға жататын өзге де объектілер туралы мәліметтер жүйеленеді.
Бұл кәсіпкер мен мемлекеттік орган арасындағы ақпарат алмасуды жеңілдетіп, бірқатар процестерді электрондық форматта жүргізуге мүмкіндік береді.

Өндірістік бақылаудың маңызы

Санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өндірістік бақылаудың орны ерекше. Өндірістік бақылау дегеніміз – кәсіпкердің өз объектісіндегі санитариялық жағдайды тұрақты түрде бақылауы. Оның шеңберінде объектінің қызмет түріне байланысты ауыз судың сапасы, тағам өнімдерінің қауіпсіздігі, жұмыс ортасының жағдайы және басқа да санитариялық көрсеткіштер бойынша зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізіледі.

Осындай мәліметтердің электрондық жүйеде жинақталуы санитариялық жағдайды жүйелі бақылауға және қауіп туындаған жағдайда уақытылы шара қабылдауға мүмкіндік береді.

Медициналық тексерулер де назарда

Халыққа қызмет көрсететін бірқатар объектілердің қызметкерлері міндетті медициналық тексерулерден уақытылы өтуі қажет. Әсіресе тамақ өнімдерімен жұмыс істейтін, балаларға қызмет көрсететін және басқа да эпидемиологиялық маңызы бар салаларда бұл талаптың маңызы зор.
Медициналық тексерулерге қатысты ақпараттардың цифрландырылуы қажетті мәліметтердің өзектілігін бақылауды жеңілдетуге бағытталған.

Басты бағыт – алдын алу

СЭН ақпараттық жүйесін тек тексеру немесе кәсіпкерлерді бақылау құралы ретінде қабылдамаған жөн. Оның маңызды міндеттерінің бірі – санитариялық-эпидемиологиялық қауіптердің алдын алу.

Ақпараттардың бір жүйеде жинақталуы мамандарға жағдайды талдауға, тәуекелдерді уақытылы анықтауға және тиісті профилактикалық шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни негізгі мақсат – санитариялық талаптардың бұзылуы орын алғаннан кейін ғана шара қолдану емес, оның алдын алуға жағдай жасау.

Цифрландыру – уақыт талабы

СЭН ақпараттық жүйесінің енгізілуі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Цифрландыру ақпарат алмасуды жеделдетуге, қағазбастылықты азайтуға, мемлекеттік орган мен кәсіпкер арасындағы байланысты жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар әрбір кәсіпкер өз объектісінде санитариялық талаптардың сақталуына, өндірістік бақылаудың уақытылы жүргізілуіне және қызметкерлердің міндетті медициналық тексерулерден өтуіне жауапкершілікпен қарауы қажет.

Б.КАРТМАГАНБЕТОВА,
Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT