Жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауына байланысты тамақ өнімдерінің тез бұзылу қаупі артады. Осыған байланысты тамақтан улану жағдайлары да жиі тіркеледі. Сондықтан бүгін тамақтан уланудың алдын алу жолдары туралы айтып өткім келеді.
Тамақтан улану – құрамында ауру тудыратын микроорганизмдер немесе олардың токсиндері, сондай-ақ улы заттары бар тағамдарды тұтыну нәтижесінде пайда болатын жедел ауру. Ол көбінесе сапасыз немесе сақтау мерзімі өткен тағамдарды пайдаланғанда, тағамды дайындау және сақтау кезінде санитариялық-гигиеналық талаптар сақталмаған жағдайда туындайды.
Тамақтан уланудың негізгі себептеріне дұрыс сақталмаған ет және сүт өнімдері, балық, жұмыртқа, кремді кондитерлік өнімдер, үй жағдайында дайындалған консервілер, сондай-ақ жуылмаған көкөністер мен жемістер жатады. Бұдан бөлек, улы саңырауқұлақтарды, улы өсімдіктерді немесе белгісіз өнімдерді тұтыну да улануға әкелуі мүмкін.
Тамақтан уланудың алғашқы белгілері бірнеше сағат ішінде немесе тәулік ішінде байқалады. Науқаста жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, іш өту, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және бас айналу сияқты белгілер пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда өздігінен ем қабылдамай, мүмкіндігінше тез арада медициналық көмекке жүгіну қажет.
Тамақтан уланудың алдын алу үшін қарапайым санитариялық-гигиеналық ережелерді сақтау маңызды.
Ең алдымен, тамақ дайындау және тамақ ішер алдында қолды сабындап мұқият жуу қажет. Көкөністерді, жемістерді және жидектерді ағын сумен жақсылап жуу керек. Шикі ет, құс еті, балық және дайын тағамдарды бөлек сақтап, оларды өңдеуге арналған пышақ пен кесу тақталарын жеке пайдаланған дұрыс.
Тез бұзылатын тағамдарды бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдырмай, тоңазытқышта белгіленген температурада сақтау қажет. Тағам өнімдерін сатып аларда олардың жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына, қаптамасының бүтіндігіне міндетті түрде назар аударыңыз. Қаптамасы бүлінген, ісінген консервілерді, жағымсыз иісі бар немесе сыртқы түрі өзгерген өнімдерді пайдалануға болмайды.
Сондай-ақ азық-түлік өнімдерін тек ресми сауда орындарынан сатып алуға кеңес береміз. Рұқсат етілмеген орындарда, көшелерде немесе стихиялық сауда орындарында сатылатын тағамдардың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды.
Егер тамақтан улану белгілері байқалса, көп мөлшерде сұйықтық ішіп, уақыт жоғалтпай медициналық ұйымға немесе жедел жәрдем қызметіне жүгінген жөн. Әсіресе балалар, жүкті әйелдер және егде жастағы адамдарда улану ауыр өтуі мүмкін, сондықтан оларға ерекше назар аудару қажет.
Тамақтан уланудың алдын алу – әр адамның өз қолында. Жеке бас гигиенасын сақтау, қауіпсіз әрі сапалы тағам өнімдерін тұтыну және сақтау талаптарын орындау арқылы өзіңіздің және отбасыңыздың денсаулығын қорғай аласыз.
А.Ж.Нуралиева
Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының
басшысының міндетін атқарушы



