Жіті ішек инфекцияларын алдын алу

ашық дереккөзден

 


Жіті ішек инфекциялары – ас қорыту жүйесін зақымдайтын және кең таралған жұқпалы аурулардың бірі. Аурудың қоздырғыштары бактериялар, вирустар және басқа да микроорганизмдер болып табылады. Инфекция көзі – науқас адам немесе инфекция тасымалдаушысы. Әсіресе ауру белгілері жеңіл немесе мүлдем байқалмайтын адамдар айналасындағыларға инфекция жұқтыруы мүмкін.

Инфекция қоздырғыштары сыртқы ортаға нәжіспен, құсықпен, кейбір жағдайларда зәр арқылы бөлінеді. Ауру негізінен лас қол, сапасыз немесе дұрыс өңделмеген тағам, ластанған су арқылы таралады. Сонымен қатар тұрмыстық заттар арқылы және шыбын, тарақан сияқты жәндіктердің қатысуымен де жұғуы мүмкін.

Жіті ішек инфекцияларымен кез келген жастағы адам ауыруы мүмкін. Дегенмен, бұл ауру балалар арасында, әсіресе 1 жастан 7 жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі. Вирустық ішек инфекциялары көбіне күзгі-қысқы кезеңде тіркелсе, бактериялық инфекциялар жаз мезгілінде жиілейді.

Аурудың негізгі белгілері:
• дене қызуының көтерілуі;
• іштің ауыруы;
• жүрек айну және құсу;
• іш өту;
• жалпы әлсіздік;
• тәбеттің төмендеуі.

Аталған белгілер байқалған жағдайда өздігінен емделмей, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Жіті ішек инфекцияларының алдын алу – әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауынан басталады. Қарапайым гигиена қағидаларын сақтау арқылы өзіңізді және жақындарыңызды инфекциялық аурулардан қорғай аласыз.

 

Б.С. ҚАРТМАҒАНБЕТОВА,

Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT