Ерекше жандар Париж мұнарасын өз қолдарымен құрастырды

Атырау қаласында Алмалы мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығында ерекше жандарға арналған шығармашылық шеберлік сағаты өтті. Қатысушылар қағаз, қайшы, қылқалам мен желімнің көмегімен Париждің әйгілі Эйфель мұнарасын құрастырды.

Шара «Үміт-Hope-Надежда» ҮЕҰ-ның «Өнер LAB» жобасы аясында «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды. Шеберлік сағатына орталықта ем алып жатқан 10-15 адам қатысты.
 
Қатысушылар үшін мұндай шығармашылық сабақтар жаңалық емес. Бұған дейін олар картинаға сурет салып, смоладан түрлі туындылар жасаған. Әр сабақта ем алушылардың қиялына ерік беріп, шығармашылық қабілетін дамытуға басымдық беріледі.
 


«Осындай оңалту орталықтарына аптасына үш рет барып, сабақ өткіземіз. Шығармашылықтың ерекше жандарға пайдасы көп. Олар түстерді ажыратуды үйренеді, ұсақ моторикасы дамиды, қиялына ерік береді. Мұның барлығы оңалту процесіне де жақсы әсер етеді», -дейді «Үміт-Hope-Надежда» ҮЕҰ мүшесі Сұлушаш Елеуова.
 
Атырауда орналасқае Алмалы мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығы биыл ашылып, пайдалануға берілді. Мұнда алты бағыт бойынша оңалту қызметі көрсетіледі. Қазіргі таңда орталықта 40-қа жуық адам ем алып жатыр.
 
«Бізге әртүрлі диагнозы бар ерекше жандар келеді. Сондықтан осындай шеберлік сабақтары бізге өте қажет. Мұндағылардың өздері де қызығушылық танытып, сабақтарды сұрап жатады. Орталықта арнайы мамандар жұмыс істейді.», - дейді Алмалы мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығы КММ басшысының міндетін атқарушы Күмісай Абуова.
 
Айта кетейік, «Өнер LAB» жобасы аясындағы шеберлік сабақтары мұндай орталықтарда тұрақты түрде өткізіледі. Бұған дейін қатысушылардың қолынан шыққан смоладан жасалған картина орталыққа сыйға тартылды.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT