Атырауда Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Халық қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш-штурман Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына арналған жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Мүшәйраның мақсаты - Хиуаз Доспанованың еңбек жолын, ерлігін жастар арасында кеңінен насихаттау, олардың шығармашылық ізденісіне жағдай жасай отырып, ел рухын көтеретін, поэзиямыздың мүмкіндігін танытатын өлеңдердің жазылуына мүмкіндік беру. Жас ақындардың шығармашылық дамуына жол ашу.
Аталған іс-шараға Исатай ауданынан Еркебұлан Зинеденов пен Ақтыныс Мақсотова қатысты.
Мүшәйра екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде батырдың кемеңгерлік тұлғасын насихаттайтын, бұрын-соңды жарияланбаған шығармасы ұсынылды. Ал, екінші кезеңнің талабы бойынша, ақындар ел бірлігі мен татулықты арқау ететін еркін тақырыптағы өлең шумақтарын аз ғана уақыттың ішінде дайындап берді.
Байқауға Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, Қазақстанның Құрметті журналисті, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жаңабаев, Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі, журналист Тұрсын Қалимова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, ақын Бақытгүл Бабаш қазылық етті.
Сайыстың қорытындысы бойынша, исатайлық Еркебұлан Зинеденов ІІІ орынды иеленіп, Ақтыныс Мақсотова Алғыс хатпен марапатталды.
Берікбол ҚОНАРОВ