Қазақстан халқы тілдері күніне орай Құрманғазы аудандық орталық кітапханасында «Тілім – тұғырым» атты жас ақындар алаңы өтті.
«Әділет» партиясының Құрманғазы аудандық филиалына қарасты «Құрманғазы» бастауыш партия ұйымы ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін дәріптеу, жас қаламгерлердің шығармашылық ізденісіне қолдау көрсету және өскелең ұрпақтың ұлттық сөз өнеріне қызығушылығын арттыру.
– Ана тілі – ұлттың рухани тірегі, елдік сананың берік тұғыры. Жас ақындардың әр туындысынан туған жерге деген сүйіспеншілік пен қазақ сөзіне деген құрмет анық сезіледі. Олардың талабын қолдау – ұлттық сөз өнерінің сабақтастығын сақтауға қосылған зор үлес, - деп атап өтті «Құрманғазы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Жалғас Сағындықов.
Шығармашылық кездесуде жас қаламгерлер туған жер, махаббат, өмір және ана тілі тақырыптарында жазған өлеңдерін оқып, жаңа туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Олардың жырларынан елге деген сүйіспеншілік, ұлттық құндылықтарға құрмет пен ана тіліне жанашырлық айқын аңғарылды.
Іс-шара барысында қазақтың сөз өнерін дәріптеп, жас таланттардың қалыптасуына қолдау көрсеткен ақын, ұстаз әрі айтыскер Мүтиғолла Ғанидың өнегелі өмірі, шығармашылық жолы мен ұстаздық еңбегі туралы айтылды. Ақынның шәкірттері мен жас қаламгерлер оған арнаған өлеңдерін оқып, ұстазға деген құрметтерін білдірді.
Кездесу соңында қатысушыларға Қазақстан халқы тілдері күніне орай құттықтау айтылып, белсенділік танытқан жас ақындар мен өнерпаздарға Алғыс хаттар табысталды.


