Өскемен қаласында қазақтың ұлттық қолөнерін ұлықтаған тарихи шара өтті. Бұл күні бірден екі жоба халықаралық рекорд ретінде ресми тіркелді.
Шара Өскемен қаласы әкімдігінің, Мәдениет басқармасының және Этнографиялық музейдің қолдауымен, «Аламан құрақ» жобасының негізін қалаушы Нұргүл Абайханның бастамасымен ұйымдастырылды.
Қазақстанның 17 облысынан келген құрақ шеберлері бас қосқан ауқымды жоба ұлттық өнердің мәртебесін көтеріп, әлем назарын аудартты.
Жоба барысында:
🔹 788 құрақшы бірігіп «Барқытбел» көрпесін құрап, әлемдік рекорд жаңартты;
🔹 789 шебердің қатысуымен «Жылқы жастығы» композициясы жасалып, жаңа әлемдік рекорд орнатылды.
Аталған жетістіктер халықаралық Global Best of Records ұйымы тарапынан ресми түрде тіркелді.
Бұл — ата-бабадан мирас болған құрақ өнерінің құндылығын әлемге танытқан, ұлттық мұраны дәріптеген әрі еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлердің басын қосқан үлкен тарихи жетістік.
Атырау облысы бойынша жетекшілік еткен көшбасшы Ақмолдаева Айжан Асқарбекқызының ұйымдастыруымен бұл жобаға Атырау облысынан 18 құрақшы қатысып, ұлттық өнердің дамуына өз үлестерін қосты.

