«Алтын сандық» ашыла бастады

 

Индер ауданының әкімі Серік Нсанбаевтың айтуынша, өңірдің даму саясаты барлық саланы өзара сабақтастыра отырып дамытуға, экономиканы әртараптандыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ауданның табиғи-климаттық жағдайы егін және мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі салаларының біріне айналып отыр. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан орталығынан агроаймақ салу жоспарлануда. Қазір 28 гектар жер телімі анықталған.

Емдік қасиетімен танылған Тұздыкөл

Аймақ тарихындағы маңызды нысандардың бірі – «Димаш төбе». 1978 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың ауданға іссапары барысында қазба байлықтарды таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көрме былтыр ашық аспан астындағы мұражай ретінде қайта жаңғыртылды. Бұл нысан бүгінде туристік бағытты дамытуға серпін беруде.

–Бұдан басқа аудан аумағында емдік қасиетімен танымал Индер көлі бар. Жазғы маусымда көлге шетелден және елдің өзге өңірлерінен туристер көптеп келеді. Қазір Индер көлі маңынан шипажай салу үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлануда, — деді С.Нсанбаев.

Соңғы жылдары өңірде спорт саласы қарқынды дамып келеді. Бұл ең алдымен ауданға қарасты барлық елді мекенде балаларға және жалпы тұрғындарға арналған заманауи спорттық алаңдардың толық жабдықталуымен байланысты болса керек. Қазір аудан аумағында 4 спорт кешені бар, оған қосымша 4 жаңа спорт кешеннің құрылысы жүргізілуде. Ол биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Ауқымды жоба жүзеге асады

Бүгінде аудандағы басты міндеттердің бірі – жұмыссыздықты азайтып, халықты тұрақты жұмыспен қамту.

– Былтыр Индер ауданында 2 360 жаңа жұмыс орны ашылды, оның 1 440-ы тұрақты орын. Жұмыссыздар саны – 444 адам. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрайды. Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде ауданда салынып жатқан құрылыс нысандары мен күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті жұмыссыздарды тартуға басымдық беріп отырмыз. Өткен жылы 159 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар ауданға инвестиция тарту арқылы жаңа кәсіпорындар ашып, қосымша жұмыс орындарын құру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жалпы есепті жыл ішінде жаңа 18 жоба іске қосылып, 42 адам еңбекпен қамтылды. Оның ішінде аудан бойынша бір инвестициялық жоба – Ұлттық пулға енгізілген «AI AGRO KZ» ЖШС-нің жобасы. Биыл бұл жобаға 400 млн. теңге инвестиция жұмсалып, 20 адам уақытша жұмыспен қамтылды. Жоба келесі жылы аяқталады, 120 адам жұмыспен қамтылады, олар жүгері егумен және мақсары майын өндірумен айналыспақ, — деді аудан әкімі.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияланатын жұмыс орындары тиімді нәтижесін беруде. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындары, «Күміс жас» жобасы, қоғамдық жұмыстар мен жастар тәжірибесі бағдарламалары арқылы тұрғындар уақытша жұмысқа орналасып, тәжірибе жинақтауда. Олардың тұрақты жұмысқа тұруына жағдай жасалып жатыр.

Аудан әкімінің сөзінше, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және шағын кәсіпті дамытуға маңыз берілуде. «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде «Enbek business»  порталы арқылы 69 адам онлайн курстан өтті. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді.

Халыққа қажеттісі – сапалы жол

Өңірдің өркениеттен қалыс қалмауында ең маңызды бағыттың бірі – сапалы жол инфрақұрылымы. Бүгінде 222 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолы бар. Елді мекен көшелеріндегі 180 шақырым жол асфальтталса, қалған 42 шақырымына тасжол төселмеген.

–Қазір ауданда 35 шақырым жолға құрылыс жұмыстары жүргізілуде, аяқталған кезде жолмен қамту 97% болады. Индердегі жол инфрақұрылымын дамытуға 2026 жылға қаражат бөлінгенімен, жұмыстарды толық аяқтау үшін қосымша қаржы қажет, — деді С.Нсанбаев.

Теміржол желісі жаңғыртылады

Брифинг барысында былтыр атқарылған жұмыстарды баяндаған аудан басшысы биыл алға қойылған жоспарларды да таныстырды.

–Негізгі мақсатымыз – ауданның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ете отырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Ол үшін барлық саланы өзара сабақтастыра дамытып, экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға басымдық береміз. Ең алдымен, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту басты назарда болады. Екінші маңызды бағыт – жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту. Үшіншіден, инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту – негізгі басымдықтардың бірі. 2026 жылы аудандық және елді мекен ішіндегі автокөлік жолдарын жөндеу, газ, ауыз су, кәріз және электр желілерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қазір өзекті мәселелердің бірі ескірген «Индер – Мақат» теміржол желісін жаңғырту. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар, — деді Серік Бағытжанұлы.

Қазба байлықтарға барлау жүргізіледі

– Индер – қазба байлықтарға өте бай өңір. Аудан аумағында тұз, бор, калий, мергель, саз, ашарит, улексит және кальций карбиті секілді пайдалы қазбалардың мол қоры бар. Осы табиғи әлеуетті тиімді пайдалану және өндірістік бағытты дамыту мақсатында Қытайға жұмыс сапары ұйымдастырылып, аспан асты елінің кәсіпкерлері мен инвестициялық серіктестіктер өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізілді. Қытай тарапы мергель мен калий тұздарын өндіру және өңдеу жобаларына қызығушылық білдірді. Қазір аталған жоба аясында қатты пайдалы қазбалар қорларын барлау жұмыстарын жүргізу үшін «SHENG QUAN POTASN LIMITED» компаниясына Қазақстан Республикасының уәкілетті министрлігі тарапынан тиісті лицензия берілді. Барлау және зерттеу жұмыстары 3-3,5 жыл көлемінде жүргізіледі. Алдағы кезеңде осы жобалар іске асқан жағдайда аудан экономикасының өндірістік бағыты жаңа деңгейге көтеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда, — деді Серік Нсанбаев.

Әлеуметтің әлеуеті артады

Әлеуметтік саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Білім беру саласында жаңа мектептерді пайдалануға беру, апатты және бейімделген мектептердің мәселесін толық шешу, балабақша мен мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Денсаулық сақтау саласында медициналық нысандарды жөндеу, жедел жәрдем қызметінің қолжетімділігін арттыру, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету күн тәртібінен түспейді.    

–Туризм мен спорт саласын да дамыту – басты міндет. Индер көлінің және карьер әлеуетін тиімді пайдалануды, туристік инфрақұрылымды дамыту үшін Махамбет мазарына жол салу мәселесін жоспарлаудамыз. Ал спорт саласында 2026 жылы пайдалануға берілетін жаңа спорт кешендері арқылы бұқаралық спортты кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізудеміз. 2026 жылға арналған жұмыс жоспарымыздың түпкі мақсаты – экономикасы тұрақты, инфрақұрылымы дамыған, әлеуметтік жағдайы жақсарған, болашағына сеніммен қарайтын аудан қалыптастыру. Осы бағытта барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып, нақты нәтижеге жұмыс істейтін боламыз, — деп түйіндеді аудан әкімі өз сөзін.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT