Атырау облысында УДЗ дәрігерлері Италиядан келген жетекші профессордан білім алуда

 

Атырауда «AYALA академиясы» жобасы аясында ультрадыбыстық диагностика мамандарына арналған бес күндік білім беру бағдарламасы басталды. Эксперттік пренаталдық диагностиканы Италиядан келген профессор Тулио Ги жүргізуде. Ол фетальды медицина саласындағы әлемдік жетекші мамандардың бірі.

Атырауда «AYALA академиясы» жобасы аясында ультрадыбыстық диагностика мамандарына арналған бес күндік білім беру бағдарламасы басталды. Эксперттік пренаталдық диагностиканы Италиядан келген профессор Тулио Ги жүргізуде. Ол фетальды медицина саласындағы әлемдік жетекші мамандардың бірі.

 

 

Тулио Ги — Акушерлік және гинекологиядағы ультрадыбыстық зерттеулер жөніндегі халықаралық қоғамның (ISUOG) ғылыми комитетінің мүшесі, сондай-ақ Италия акушерлік және гинекологиялық ультрадыбыстық қоғамының мүшесі. Ол Римдегі Джемелли IRCCS ауруханасында әйелдер мен балалар денсаулығы ғылымдары департаментінде акушерлік патология бөлімін басқарады және Қасиетті Жүрек Католик университетінде акушерлік және гинекология профессоры болып жұмыс істейді.

Білім беру жобасы «AYALA» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Оқытуға өңірдің барлық аудандық ауруханаларынан, облыстық перинаталдық орталықтан, қалалық перзентханадан және Атырау қаласындағы емханалардан 29 УДЗ дәрігері қатысуда.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуынша, пренаталдық диагностиканы дамыту нәресте өлім-жітімін азайтуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Ол халықаралық деңгейдегі маманнан білім алу дәрігерлерге туа біткен патологияларды дәлірек анықтауға және клиникалық шешімдерді сапалы қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 

 

Бағдарлама ұрықтың кеңейтілген ультрадыбыстық зерттеуі, нейросонография, жатырішілік патологияларды анықтау, акушерлік синдромдар және генетикалық зерттеулер бойынша теориялық және практикалық сабақтарды қамтиды. Сонымен қатар жүктіліктің күрделі жағдайлары мен ерте қауіптерді анықтаудың заманауи әдістеріне ерекше назар аударылады.

Айдан Сулейменова — «AYALA» қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті:

«Біздің қордың басты мақсаты — туа біткен мүгедектікті азайтуға мемлекетке көмектесу. Сондықтан мастер-класқа Атырау облысының барлық аудандық ауруханаларынан УДЗ дәрігерлерінің қатысуы өте маңызды. Біз медицина мамандары тарапынан практикалық білім мен халықаралық тәжірибеге деген үлкен сұранысты көріп отырмыз. 15 жыл ішінде біз әлемнің жетекші практиктерін әкеліп, медицинаның және диагностиканың заманауи тәсілдерін қалыптастыруға үлес қосып келеміз. Бұл білімдер тікелей балалардың өмірін сақтауға және олардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді».

«AYALA» қоры медициналық неонатология саласына маманданған Қазақстандағы жалғыз қайырымдылық қор. Қор 19 жыл ішінде 3,2 млрд теңгеден астам қаражат тартып, перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларының 67 реанимациясын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ 2700-ден астам неонатолог, реаниматолог, УДЗ дәрігері, акушер және мейірбикенің біліктілігін арттыруға үлес қосты.

Мастер-класс 19 маусымға дейін жалғасады және 2026 жылы өңір дәрігерлерінің біліктілігін арттырудағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT