«Атырау – Орал» тас жолын жөндеуге 24,9 млрд теңге қарастырылған

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов республикалық маңызы бар KAZ12 «Атырау – Орал» автомобиль жолындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды AtyrauPress Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта тас жолдың тиісті учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы келісімшарттық құны 24,9 млрд теңгені құрайды. Бүгінге дейін оның 2,1 млрд теңгесі игерілген.
Жоба аясында жол жамылғысын қалпына келтіру және нығайту бойынша кешенді жұмыстар қарастырылған. Атап айтқанда, қолданыстағы асфальтбетон жамылғысы фрезерленіп, суық ресайклинг әдісі арқылы жол негізі салынады.

Одан кейін асфальтбетоннан тегістеу қабаты төселіп, жолдың үстіңгі қабаты қиыршық тас-мастикалық асфальтбетонмен жабылады.

Қазіргі уақытта учаскеде негізгі жол-құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысқа қажетті арнайы техника мен өндірістік материалдар жұмылдырылған.

Облыс әкімі жол құрылысының барысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен белгіленген талаптардың сақталуына назар аударды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT