Атырауда ұлт руханиятының ұлы шежіресі ұлықталды

 

Жайық пен Каспий тоғысқан қасиетті мекен – Атырау төрінде қазақ руханиятының мерейін үстем еткен, ұлттық өнердің абыройын асқақтатқан тағылымы терең тарихи сәттің шымылдығы түрілді. Ш.Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде қазақ мәдениетінің алтын арқауына айналған, ұлт өнерінің заңғар тұлғасы, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Дәнекер», «Отан» ордендерінің иегері, көрнекті композитор, жазушы, музыка зерттеушісі, этнограф, аудармашы әрі суретші Илья Жақановтың мерейлі 90 жасына арналған «Жақанов әлемі: фотошежіре» атты мазмұны бай, рухы биік көрме салтанатты түрде ашылды.

 


 

Көрменің ашылу салтанатында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов тебіреніске толы жүрекжарды лебізін білдіріп, бұл күннің тарихи салмағына ерекше тоқталды.

– Бүгін – қазақ руханияты үшін мерейлі мезет, ұлт мәдениеті үшін маңызы айрықша тарихи белес. Себебі біз бүгін қазақ өнерінің алтын арқауына айналған, саналы ғұмырын халқымыздың рухани байлығын түгендеуге арнаған заңғар тұлға Илья Жақановтың 90 жылдық мерейтойын бастап отырмыз. Бұл көрме емес. Бұл – қазақтың ән өнерінің, әдебиетінің, суретшілік болмысының, ұлттық зердесінің тұтас бір дәуірлік көрінісі. «Жақанов әлемі» арқылы біз бір адамның өмірбаянын емес, қазақ халқының мәдени кеңістігін, ұлттық болмысын, өнерге деген адалдығын көріп отырмыз. Илья ағамыздың есімі – қазақ руханиятының алтын қорында мәңгілік жазылатын қастерлі есім. Оның қаламынан туған туындылар, жүрегінен төгілген әндер, қылқаламынан өрілген суреттер – барлығы да халқымыздың рухани мұрасына айналды. Сондықтан бүгінгі көрменің Атырау топырағында ашылуы – біз үшін зор мәртебе. Бұл көрме өткенді еске алу ғана емес, болашақ ұрпаққа бағытталған рухани өнеге мектебі, – деді Ә.Жоламанов.

 



Илья Жақанов – қазақ мәдениетінің бірнеше саласында бірдей терең із қалдырған сирек жаратылған дара тұлға. Оның өмір жолы – туған халқының рухани қазынасын байытуға арналған тұтас ғұмырдың шежіресі. Композиторлық, жазушылық, зерттеушілік, этнографиялық, аудармашылық және суретшілік өнерді бір арнаға тоғыстырған ол ұлттық болмыстың бай мұрасын ұлықтаған бірегей қайраткер ретінде танылды.

 

 


1936 жылы Жамбыл облысының Сарысу өңірінде дүниеге келген Илья Жақанов қазақ даласының кеңдігі мен қасиетін бала бойына сіңіріп өсті. Жастайынан әдебиет пен өнерге жақын болған зерек ұлдың бойындағы табиғи дарын уақыт өте келе үлкен шығармашылық жолға ұласты. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған соң, әдебиет пен журналистика саласында еңбек етіп, кейін Қазақ радиосының музыкалық редакциясында бас редактор қызметін атқарды. Бұл кезеңде ол ұлттық музыка өнерін зерттеп, қазақтың ән мұрасын кеңінен насихаттауға өлшеусіз үлес қосты.

Илья Жақанов қазақ ән өнеріне мәңгілік мұра болып қалған «Жайлаукөл кештері», «Алматы кешінде», «Асылым» секілді сырлы әндерді сыйлады. Оның шығармаларынан туған жерге деген сүйіспеншілік, дала рухы, ұлттық сезім мен адам жанының нәзік иірімдері айқын аңғарылады. Сазгердің әндері уақыт өткен сайын халық жүрегіне тереңдей еніп, ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды.

 


Қаламгер ретінде де Илья Жақанов қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосты. Оның «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Аққулар қонған айдын көл», «Ықылас» секілді шығармалары өнер тарихын, тарихи тұлғалар тағдырын, қазақы дүниетанымды көркем тілмен өрнектеген құнды еңбектер саналады. Ол ұлт мәдениетінің көмескі тартқан тұстарын қайта жаңғыртып, өнер мен тарих сабақтастығын терең зерделеді.

Жас ұлғайған шақта да өнерге деген ынтызарлығы бір сәтке де бәсеңсімеген Илья Жақанов үшін ізденіс – өмірінің ажырамас өзегі болды. Ғұмырдың байсалды белесіне жеткен тұста да ол шығармашылықты тоқырауға жібермей, керісінше оны жаңа қырынан түлетті. 78 жасында Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Бейнелеу өнері және дизайн факультетіне оқуға түсіп, кәсіби суретшілік білім алуы – соның айқын дәлелі.

 

Академиялық білімді игеру арқылы ол қылқалам тілін терең меңгеріп қана қоймай, туған жерге, ұлттық болмысқа деген көзқарасын жаңа көркемдік деңгейде қайта танытты. Осы ізденістің жемісі ретінде дүниеге келген «Жерұйық» атты дипломдық жұмысы туған жердің табиғаты мен ұлттық дүниетанымды көркем бейнелеген мазмұнды еңбек ретінде бағаланды.

Салтанатты жиын барысында Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, белгілі қаламгер Мереке Құлкенов те ерекше толғаныспен сөз сөйлеп, Илья Жақанов тұлғасының ұлт мәдениетіндегі орнына терең баға берді.


–Илья Жақанов – қазақ деген ұлы халықтың өнердегі тұтас энциклопедиясы. Оның болмысында композиторлық та, жазушылық та, зерттеушілік те, суретшілік те үндесіп жатыр. Ол – қазақ даласының үнін естіген, ұлттың жоғын жоқтаған, барын бағалаған сирек дарын. Илья ағамыз бармаған қазақ даласының қиыры жоқ десек, артық емес. Ол ұмыт қалған әндерді жаңғыртты, көмескі тартқан мәдени мұраны қайта түлетті, қазақ өнерінің көгінде мәңгілік шам жақты. Осындай тұлғалар арқылы ұлттың рухы асқақтайды. Егер Илья Жақанов болмаса, біз көптеген әнімізден, көптеген тарихымыздан, көптеген асыл қазынамыздан айырылып қалар едік. Оның еңбегі – ұлтқа сіңген өлшеусіз еңбек, – деді М.Құлкенов.

 

 

Тоқсан жылдық тағылымды ғұмырдың иесі сахна төрінде ерекше тебіреніспен сөз сөйлеп, туған жерге, қазақ даласына, тарихи жадыға деген шексіз сүйіспеншілігін ақтарды.

–Мен – Ұлы даланың перзентімін. Еділ мен Жайық, Сарысу мен Қаратау – менің рухани тамырым. Бүгінгі осындай құрметті сәтті Атырау елінде бастан кешіру – мен үшін зор бақыт. Бұл – менің ғана мерейтойым емес, бұл – біздің халықтың өнерге, руханиятқа деген құрметінің белгісі. Өнер – менің өмірімнің өзегі болды. Әнмен айттым, сөзбен өрдім, суретпен бейнеледім. Бар ғұмырым халқымның рухани әлеміне қызмет етуге арналды», – деді абыз өнер иесі.

Көрмеге келуші көрермендер тілек кітапшасына жүрекжарды лебіздерімен қолтаңба қалдырып, 90 жас өмір белесінен фотолар жинақталған фотоальбомды және аталған өнер музейінің 5 залына орналасқан кескіндеме, графика туындыларын, сондай-ақ 8 бөлімнен құралған 450 суреттен тұратын фотокөрмені тамашалады.

 

Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT