Атырауда «Поэзия – адалдық жаршысы» әдеби-сазды дискуссия кеші өтті

Атырауда «Поэзия – адалдық жаршысы» атты әдеби-сазды дискуссия кеші өтті. Шараның негізгі мақсаты – поэзия мен өнердің тәрбиелік қуаты арқылы қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру, адалдық, әділдік, жауапкершілік пен мемлекетшілдік құндылықтарын дәріптеу, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Тағылымды кеш Атырау облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, «Алтын тұғыр» қоғамдық қоры, облыстық Жастар ресурстық орталығы және Atyrau Creative Hub орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.

Кеш барысында өнер мен әдебиеттің адам мінезін қалыптастырудағы орны, әр азаматтың өз кәсібі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі, адалдық ұғымының бүгінгі маңызы төңірегінде пікір алмасылды.

Кезінде «Бауыржан шоу» театрының белді әртістерінің бірі болған атыраулық өнер иесі Нұрбек Мәдиев адалдықтың шығармашылық адам үшін де басты қасиеттердің бірі екенін атап өтті.

  • – Өнер адамы ең алдымен өз өнеріне, көрерменіне және өз ұстанымына адал болуы керек. Бүгінгі жастардың осындай тақырыпты көтеріп, адалдық пен әділдікті өнерге арқау етіп отырғаны қуантады. Бұл - олардың қоғамға бейжай қарамайтынын көрсетеді. Еліміздің ертеңі де арын биік қойып, әділетті ту еткен жастардың қолында. Өнер адамның жүрегіне жол табады, ал жүрекке жеткен жақсы ой мінезге, мінез әрекетке айналады, - деді ол.
  •  

Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының төрайымы Әлия Дәулетбаева адалдықты белгілі бір салаға ғана тән ұғым ретінде қарастыруға болмайтынын айтты.

  • - Адалдықты қызметтегі, тұрмыстағы немесе шығармашылықтағы деп бөліп қараудың қажеті жоқ. Ол - адамның тұтас болмысында болуы тиіс қасиет. Адам өзіне, сөзіне, еңбегіне, айналасына адал болғанда ғана қоғамдағы сенім нығаяды. Ал поэзия мен өнер адамның ішкі дүниесіне әсер етіп, ар-ожданын оята алады. Кейде бір шумақ өлең ұзақ насихаттан да терең ой қалдырады. Сондықтан әдебиеттің адам тәрбиесіндегі орны айрықша, - деді Әлия Дәулетбаева.

Кешке қатысқан Нұржан Өмірбаев та сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда әдебиет пен поэзияның ықпалы зор екенін жеткізді. Оның айтуынша, қоғамды тек бұлжымас заң мен қатаң жаза арқылы ғана өзгерту мүмкін емес, адам санасына мейірім, тәрбие және рухани құндылықтар арқылы әсер ету де маңызды.

  • – Адамды кейде қатал тыйымнан гөрі жақсы сөз, өнегелі тәрбие, мейірім көбірек өзгертеді. Поэзия - сол тәрбиенің қуатты құралдарының бірі. Сондықтан адалдық пен әділдікті өнер арқылы насихаттайтын осындай тағылымды жұмыстар жалғаса беруі керек, - деді ол ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп.

Ақын, журналист Серікбол Панабердиев «Адалдық жаршысы» жобасы аясында республикалық жабық жыр мүшәйрасының өтіп жатқанын айтып, оның негізгі мақсатына тоқталды. Мүшәйраға еліміздің әр өңірінен ақындар қатысып, адалдық, әділдік, мемлекетшілдік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық сана тақырыптарын жырға арқау еткен. Жоба қорытындысы бойынша үздік шығармалардың авторлары жақын күндері марапатталмақ.

Серікбол Панабердиев бұл әдеби-сазды дискуссия кешінің де аталған жобаның мазмұндық жалғасы екенін атап өтіп, шараға қатысқан қонақтар мен өнер иелеріне ризашылығын білдірді.

Кеш барысында ақын Асланбек Шығыр өз өлеңдерін оқып, әсем әнімен тыңдарманға әсерлі көңіл күй сыйлады. Журналист Дәурен Мақым ақпарат саласындағы кәсіби ұстаным мен мамандыққа адалдық туралы ой бөлісті. Оның пікірінше, әр сала маманы өз ісіне жауапкершілікпен әрі адал қараса, қоғамдағы оң өзгеріс те сол жеке адамның еңбегінен басталады.

Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау академиялық қазақ драма театрының жас әртістері тағылымды өлеңдер оқып, жастар әсем ән шырқады.

Кеш поэзияны тек көркем сөз ретінде емес, адам санасына ықпал ететін, ар мен жауапкершілікті алға шығаратын рухани тәрбие құралы ретінде танытты. Қатысушылар адал қоғам қалыптастырудың бастауы әр адамның өз ісіне, сөзіне және азаматтық ұстанымына адалдығынан басталатынын атап өтті.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT