«Қазыналы Каспий» халықаралық фестивалі аясында балық өнімдерінен тағам дайындау бойынша аспаздар байқауы өтуде.
Шараның мақсаты — Жайық пен Каспийдің табиғи байлығын насихаттап, балық өнімдерін жаңа қырынан таныту. Байқауға Атырау өңірінің тоғыз үздік аспазы қатысып, үш топқа бөлініп бақ сынауда. Аспаздарды іріктеп, байқауға дайындаған — шеф-повар Бағдат Қадыров. Қатысушылар тек Жайық өзенінен ауланатын балық түрлерін пайдаланып, түрлі тағамдар әзірлеуде. Олар бірінші және екінші тағамдар, тіскебастар мен салаттар дайындап, өздерінің аспаздық шеберліктерін көрсетуде. Байқаудың қазылар алқасының құрамында республикаға танымал халықаралық деңгейдегі шеф-поварлар бар.

Олар дайындалған тағамдардың дәмін, ерекшелігін және ұсынылу сапасын бағалайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға қатысуға басқа өңірлерден де ұсыныстар түскен. Алайда бұл жолы Атырау аспаздары өзара сынға түсіп, өңірдің балық тағамдарын таныстырып жатыр.
Жеңімпаздарға серіктестер атынан сертификаттар мен дипломдар табысталады. Ал бірінші орын иегері 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа, арнайы кубокқа ие болады. «Қазыналы Каспий» фестивалі аясындағы бұл байқау Атыраудың балық тағамдарын дәріптеп, ұлттық және заманауи аспаздық дәстүрді ұштастыруға бағытталған.
Хұсни ХАМЗА


