Атыраулық Іскер әйелдер кеңесі «Әсем Әлем» орталығына енеді

 

Атырауда «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының бастамасымен құрылған «Әсем Әлем» әйелдерді дамыту орталығының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 

Жаңа орталық әйелдерді жан-жақты қолдауға, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға арналған алаңға айналады. Орталық бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізеді.

 

Орталық қызметінде бизнестегі әйелдерді қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. «Әсем Әлем» құрамына Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі енеді. Кеңес әйел кәсіпкерлерге және өз ісін ашуды жоспарлап жүрген азаматшаларға консультациялық әрі тәжірибелік көмек көрсетеді.

 

 

 

Орталық аясында әйелдер бизнес жүргізу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, кәсіпкерлік дағдыларды меңгеру, стартаптарды дамыту және өз кәсібін кеңейту мәселелері бойынша қолдау ала алады. Сонымен қатар оқыту тренингтері, семинарлар, шеберлік сабақтары және табысты кәсіпкерлер, сарапшылармен кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

 

«Қазіргі заманғы әйел – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар өңірдің қоғамдық және экономикалық өмірінің белсенді қатысушысы. Сондықтан мұндай кеңістіктің ашылуы әйелдерді біріктіру, тәжірибе алмасу және олардың әлеуетін ашу жолындағы маңызды қадам болды», – деп атап өтті орталықтың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының кеңесшісі Айжан Қарабаева.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Әсем Әлем» тек білім беру орталығы емес, сонымен қатар қарым-қатынас жасауға, өзара қолдау көрсетуге және шабыт алуға арналған қауіпсіз әрі жайлы кеңістік ретінде қалыптасады. Мұнда әйелдер жаңа білім мен дағдылар алып қана қоймай, көшбасшылық қасиеттерін нығайтып, қоғамдық белсенділігін арттырып, пікірлес жандар таба алады.

 

Салтанатты шара соңында қонақтар мен қатысушылар жаңа орталық Атырау облысында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және жаңа әлеуметтік әрі бизнес-бастамаларды жүзеге асыруға тиімді алаң болатынына сенім білдірді.

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT