Атыраудағы «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС ұжымымен кездесу қорытындысында кәсіпорында «Әділет» партиясының бастауыш партия ұйымы құрылды. Бұл – облыстағы партияның 100-бастауыш ұйымы.
Кездесуге «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейбіт Мырзағалиев қатысып, партияның негізгі бағдарламалары мен жобаларын таныстырды.
– Партия тек сайлау кезінде ғана жұмыс істейтін құрылым емес. Біздің күнделікті атқарған істеріміз, ауылдағы немесе ұжымдағы мәселелерді көтеруіміз – партияның беделі. Әрбір партия мүшесі – «ӘДІЛЕТ»-тің бет-бейнесі. Қазір «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы бойынша 1 қалалық, 7 аудандық филиалы және 20 489 партия мүшесін қамтитын 99 бастауыш партия ұйымы бар. Партия қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне белсенді атсалысады. Ал бастауыш партия ұйымы партия мен еңбек ұжымының арасындағы маңызды байланысты нығайтады. Мұнда қызметкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, бірлескен бірқатар жұмыс жүргізіледі, – деді Бейбіт Мырзағалиев.


Жиынға Атырау қалалық мәслихатының депутаттары Нұрбек Избасов пен Азамат Мұханжанов та қатысты. Басқосу қатысушылармен ашық пікір алмасу форматында өтті. Кәсіпорын директоры Бауыржан Әбдіғали мен техника қауіпсіздігі инженері Бақытжан Тұралиев те сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
БПҰ жиналысының қорытындысында ұжым мүшелері кәсіпорында бастауыш партия ұйымын құру туралы ұсынысты бірауыздан қолдап, ортақ шешім қабылдады. Осылайша Атырауда 100-ші бастауыш партия ұйымы құрылды. Сонымен қатар серіктестіктің 130 қызметкері «Әділет» партиясының қатарына қабылданды.
Айта кету керек, кәсіпорын ұжымының партия қатарына қосылып, жаңа ұйым құруды қолдауы – әр азаматтың ортақ іске бейжай қарамауының көрінісі.
–Бүгінгі кездесуіміздің басты түйіні – бірлік. Біздің күшіміз санның көптігінде емес, сол санның сапасында және бір мақсатқа жұмыла білуімізде. «Әділет» партиясы мемлекеттің дамуына серпін беретін үлкен қозғалтқыштың маңызды бөлшегі, - деді Бейбіт Мырзағалиев жиынды қорытындылаған сөзінде.


