«Жылыой тазалық» мекемесі тарапынан ауылдық аймақтарға бекітілген бақылаушылар елді мекендердегі санитарлық тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуына тұрақты түрде назар аударып келеді.
Мамандар тұрғындармен кездесіп, аулаларды таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығару, көшелер мен қоғамдық аумақтарды ластамау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мақсат — тұрғындарға тазалық талаптарын түсіндіріп қана қоймай, елді мекендерде тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыру.
Қолданыстағы қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларына сәйкес, елді мекендерді күтіп ұстау, тазалық пен тәртіпті сақтау талаптары жеке және заңды тұлғаларға да қатысты. Яғни әр тұрғын өзіне тиесілі немесе пайдаланып отырған аумақтың санитарлық жағдайына жауапты. Бұл талаптар қоршаған ортаны қорғауға, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуге және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Абаттандыру дегеніміз — тек көшені немесе ауланы қоқыстан тазарту ғана емес. Оның құрамына аумақты ұқыпты ұстау, қоқысты уақытында шығару, жасыл желектерге күтім жасау, қоғамдық орындарды ластамау және елді мекеннің сыртқы көрінісіне мән беру сияқты жұмыстар кіреді.Осыған байланысты тұрғындардан қоқысты бей-берекет тастамау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген тәртіппен шығару және өз ауласына ғана емес, оған іргелес аумаққа да ұқыпты қарау сұралады. Үйдің маңын таза ұстау, қажетсіз заттарды жинап қою және аумақты ретке келтіру — қарапайым болғанымен, елді мекеннің тазалығына үлкен үлес қосатын жұмыстар.
«Жылыой тазалық» мекемесінің мамандары бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра береді. Дегенмен елді мекеннің таза әрі көрікті болуы тек тазалық қызметкерлерінің еңбегіне байланысты емес. Бұл — тұрғындар мен жауапты мекемелердің бірлескен жұмысының нәтижесі.
А. Махамбетова


