Атырауда “Қазыналы Каспий” халықаралық балық фестивалі аясында балық өнімдері мен балық тағамдарының көрмесі өтуде. Шараға 7 балық шаруашылығы кәсіпкері қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынуда.
Атап айтқанда, «Амангелді» ЖШС, Ақтаудан келген жеке кәсіпкер Серікбол Әсел, «Каспий Бекіресі Лимитед» ЖШС, «Профилакторий Жемчужина» ЖШС, «MG» балық шаруашылығы қожалығы, «Абылай хан» ЖШС және «Caspian Royal Fish» ЖШС өздерінің өнімдерін таныстырды.
Көрмеде салқындатылған және мұздатылған балық өнімдерімен қатар қақталған және ысталған балық түрлері де ұсынылған. Саудаға Каспий өңіріне тән сазан, көксерке, ақмарқа, жайын сияқты балық түрлері шығарылып, сондай-ақ бекіре балығы мен одан дайындалған өнімдер келушілерге таныстырылуда.
«Фестивальге бүгін түрлі балық өнімдерімізді алып келдік. Олардың ішінде қуырылған сазан, кептірілген балықтар, балық бәліші және икрадан жасалған котлет бар. Форум қатысушыларына ұнайтыны сөзсіз. Бүгінде өнімдеріміз сұранысқа ие», - деді «Абылай хан» балық шаруашылығының қызметкері Нұрия Жұмабайқызы.
Ақтілек Базарбаева


