Кұлсарыда зейнеткерлер мен жастарға арналған воркаут алаңшасы ашылды

Кұлсары қаласында 2026 жылғы алғашқы жоба — «Qogamdyq Keńistikter» бағдарламасы аясында салынған қоғамдық нысан пайдалануға берілді. Жоба Орталық Азиядағы Еуразиялық қордың ұйымдастыруымен және «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылуда.

Биыл Кұлсарыда жергілікті бастамашыл топтардың қатысуымен 16 қоғамдық нысанды іске қосу жоспарланған. Бағдарламаның ерекшелігі — гранттық қаражат жабдықтар мен құрылыс материалдарын сатып алуға бағытталады, ал құрылыс жұмыстарын жергілікті тұрғындардың өздері атқарады.

Алғашқы аяқталған жоба — «Сау денеде — сау рух» атты воркаут алаңы. Ол Отбасыны қолдау орталығы мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының аумағында орналасқан. Бұл мекемелерге күнделікті жастар, көпбалалы аналар, зейнеткерлер және белсенді өмір салтын ұстанатын тұрғындар келеді.

Енді келушілер тек ғимарат ішінде ғана емес, ашық аспан астында да спортпен айналысу мүмкіндігіне ие болды.

Жоба жетекшісі Данияр Бақтыбаевтың айтуынша, алаңша әртүрлі жастағы адамдарға арналған заманауи спорттық құралдармен жабдықталған. "Мұнда турник, брусья және басқа да жаттығу құрылғылары орнатылған. Енді тұрғындар ашық ауада спортпен айналысып, белсенді өмір салтын ұстана алады», — деді ол.

Ашылу салтанатында қала тұрғындары жаңа нысанға оң бағасын берді.

«Біз бұл орталыққа үнемі келіп тұрамыз. Енді ашық ауада жаттығуға мүмкіндік туғанына қуаныштымыз. Осындай пайдалы бастама үшін алғысымызды білдіреміз», — дейді тұрғындар.

Жобаға қатысушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың бойында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырып, салауатты өмір салтын дамытуға ықпал етеді.

«Qogamdyq Keńistikter» бағдарламасы қоғамдық инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған. 2019 жылдан бері бағдарлама аясында 239 жоба жүзеге асырылды. 2026 жылы да бұл бастама жалғасып, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен спорттық инфрақұрылымдар дамытылатын болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT