«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Құрманғазы ауылында кең көлемді жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды шараға аудан әкімдігінен бастап, денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік салалардың қызметкерлері, түрлі мекемелер мен ұйымдардың ұжымдары белсенді бір кісідей атсалысты.
Тазалықты ту еткен игі бастама барысында аудан орталығы – Құрманғазы ауылының РТС елді мекеніндегі орталық қоқыс алаңының маңын санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Жалпы саны 468-ден астам адам қатысып, 12-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 23 тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылып, елді мекендердің келбеті айтарлықтай жақсарды.
Сенбілік барысында округ әкімі Абдуррахман Рахметұлы мекемелерге алғыс білдіріп, тазалықтың маңызын ерекше атап өтті:
«Бұл игі шара Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” акциясы аясында жүзеге асуда. Ауылды таза ұстау – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Бүгін сенбілікке белсенді қатысып, үлес қосқан барша әріптестеріме шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз көппіз, ал ауылымыз – біреу. Сондықтан туған жерімізді таза ұстап, көркейту – бәрімізге ортақ міндет. Баршаңызды тазалықты сақтауға шақырамын», – деді округ әкімі.
Бұл сенбілік – тек бір күндік шара емес, ол – қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып, елді мекеннің тазалығы мен көркіне ортақ үлес қосатын маңызды бастама. Құрманғазылықтар осындай игі істер арқылы туған жерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетуде.

