Сайлау процесіне қатысушыларға қандай көмек беріледі?

 

Сайлау науқанының әр кезеңінде оның қатысушылары белгілі бір тәртіп пен талаптарды сақтауы керек. Осыған байланысты сайлау процесіне қатысушылар үшін қажетті ақпаратты түсінікті әрі жүйелі түрде жеткізудің маңызы зор.

Сайлауға дайындық барысында тек ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, оның қатысушыларына арналған әдістемелік материалдар да әзірленеді.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, мұндай құралдар сайлау процесіне қатысушылардың өз міндеттері мен құқықтарын дұрыс түсінуіне бағытталған.

–Сайлау процесіне қатысушылар үшін әдістемелік құралдар дайындалады, — деді Әсия Баянқызы.

Әдістемелік құралдардың маңызы – сайлау процесіне қатысты талаптарды бірізді түсіндіруде. Сайлауды ұйымдастыруға қатысатын комиссия мүшелері, кандидаттар, олардың сенім білдірген адамдары және заңда көзделген өзге де қатысушылар өз қызметін белгіленген тәртіппен жүзеге асыруы тиіс.

Сайлау процесінің әр кезеңіне қатысты талаптар бірдей емес. Сондықтан қажетті ақпараттың жүйеленіп, қатысушыларға қолжетімді түрде ұсынылуы олардың өз өкілеттігі шегінде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Бұл ретте әдістемелік материалдар заң талаптарының орнын алмастырмайды. Негізгі құқықтық негіз – Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Сайлау туралы Конституциялық заң. Әдістемелік құралдар осы нормаларды практикалық тұрғыдан түсіндіруге және қолдануға көмектесетін ақпараттық құрал ретінде қарастырылады.

Сайлау процесіне қатысушылардың заң талаптарын біркелкі түсінуі ұйымдастыру жұмыстарының сапасына да әсер етеді. Әсіресе сайлау науқаны кезінде құжаттарды рәсімдеу, белгіленген рәсімдерді сақтау және өз өкілеттігінен аспау мәселелеріне мұқият қарау қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, әдістемелік құралдар – сайлауға дайындықтың сырт көзге байқала бермейтін, бірақ маңызды бөлігінің бірі. Олар сайлау процесіне қатысушыларға қажетті ақпаратты алдын-ала зерделеп, өз қызметін заң талаптарына сәйкес ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Сайлау науқанының әр кезеңі нақты тәртіппен жүргізіледі. Сондықтан оның қатысушылары үшін құқықтық нормаларды білу ғана емес, сол нормаларды іс жүзінде дұрыс қолдану да маңызды.

Майра ЕРҒАЛИ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT