Бүгінде жұртшылықты айрықша алаңдатып отырған мәселелердің бірі – өңірдегі су айдындарының ахуалы. Осы маңызды мәселені тұрақты бақылауда ұстап, назардан тыс қалдырмау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
Өңірдегі су экожүйелерінің жай-күйі «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты мамандарының тұрақты бақылауында. Осы орайда табиғи су айдындарының экологиялық жағдайын бағалау, балық қорларын сақтау және биоалуантүрлілікті бақылау мақсатында мекеменің ғылым және мониторинг бөлімі 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес мониторингтік зерттеулер жүргізді.

Мамандардың мәліметінше, зерттеу барысында алдымен гидрохимиялық және ихтиологиялық бақылау жұмыстары жүзеге асырылған. Атап айтқанда, Приморский, Зарослый және Рыбоходный каналдарында далалық зерттеулер жүргізіліп, су сынамалары алынған. Арнайы оксиметр құрылғысының көмегімен су құрамындағы еріген оттегінің мөлшері анықталған.
«Мониторингтің негізгі мақсаты – өңірдегі су экожүйесінің қазіргі жай-күйін бағалау, балықтардың тіршілік ету ортасының сапасын бақылау, сондай-ақ су айдындарында балықтардың тұншығуы мен қырылуының алдын алу.
Жүргізілген зерттеу нәтижелері қазіргі уақытта су құрамындағы еріген оттегі мөлшерінің бекітілген нормадан төмен емес екенін көрсетті. Бұл су айдындарындағы экологиялық жағдайдың тұрақты екенін және балықтардың қалыпты тіршілігіне қолайлы ортаның сақталып отырғанын аңғартады», – делінген ресми дереккөз таратқан ақпаратта.
Бұдан бөлек, бақылау барысында судың тереңдігі 2–2,5 метр аралығында болғаны анықталған. Оқшауланған су айдындарында балықтардың тұншығуы немесе қырылуы тіркелмеген. Жалпы, жыл басынан бері жүргізілген кешенді мониторингтік зерттеулер су айдындарындағы экологиялық ахуалдың тұрақты екенін көрсетті.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Дәулетқали АРУЕВ



