Дерматомикоздар – теріде зең саңырауқұлақтары тудыратын жұқпалы паразиттік аурулар. Аурудың көзі – науқас адамдар мен жануарлар. Дерматомикоздар көбінесе микроспория және трихофития түрінде кездеседі. Бұл аурулар тері мен шашты зақымдайтын саңырауқұлақ инфекцияларына жатады және көбіне 14 жасқа дейінгі балалар арасында жиі тіркеледі.
Аурудың негізгі клиникалық белгілеріне теріде көкшіл-қызғылт түсті, қабыршақтанатын дақтардың пайда болуы, олардың біртіндеп үлкеюі, сондай-ақ бастың шашты бөлігінде шаштың сиреуі мен тақыр ошақтардың қалыптасуы жатады.
Дерматомикоз қоздырғыштары ауру адамнан сау адамға әртүрлі жолдармен берілуі мүмкін. Атап айтқанда, науқастың аяқ киімін, киімін, төсек-орнын, сүлгісін және басқа да жеке заттарын ортақ пайдаланған кезде жұғады. Сонымен қатар инфекция монша, бассейн, спорт залдары сияқты қоғамдық орындарда, сондай-ақ дұрыс залалсыздандырылмаған маникюр және педикюр құралдары арқылы таралуы мүмкін.
Дерматомикоздың алдын алу үшін келесі ережелерді сақтау қажет:
* иесіз мысықтар мен иттермен ойнамау;
* жануарлармен байланысқаннан кейін қолды сабындап жуу;
* басқа адамның бас киімін, киімін, тарағын және жеке заттарын пайдаланбау;
* шаштараздан кейін басты мұқият жуу;
* жеке бас гигиенасын сақтау және үнемі тазалықта жүру.
Егер ауру белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Науқас баланы уақытша балабақшаға немесе мектепке жібермей, оқшаулаған жөн. Дәрігердің кеңесінсіз зақымданған жерге әртүрлі майлар мен кремдерді жағуға болмайды. Өздігінен ем қабылдамай, міндетті түрде дерматолог дәрігерге қаралу қажет. Сонымен қатар науқаспен байланыста болған адамдардың да медициналық тексеруден өткені дұрыс.
Дерматомикоздың алдын алу – әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігінің көрінісі. Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда уақытылы дәрігерге қаралу оның таралуының алдын алып, сауығуды жеделдетеді.
Б.С. Қартмағанбетова,
Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы


