АТЫРАУДА «ABU OPEN CUP» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЗЮДО ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

 

2026 жылғы 15 мамыр күні Атырау қаласындағы орталық ФОК спорт кешенінде 2010-2011 және 2013-2014 жылы туған жасөспірімдер арасында дзюдодан «ABU OPEN CUP» Республикалық ашық турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Дәстүрлі жарыстың басты мақсаты – жас спортшылар арасында дзюдо спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу және спорт арқылы ел намысын қорғауға баулу.

Биылғы турнирге еліміздің әр өңірінен және Атырау облысының аудан-қалаларынан жалпы саны 320 спортшы қатысуда. Атап айтқанда, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан, сондай-ақ Жылыой, Индер, Исатай, Мақат, Құрманғазы, Махамбет, Қызылқоға аудандары және Атырау қаласынан келген жас балуандар бақ сынауда.

Салтанатты шараға:

— Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Талапұлы Нұртаев,

— Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Тұрарұлы Сыдықов,

— Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушылары Мәлік Екпіндіұлы Сүлейменов пен Марат Сәуенұлы Әбдуәлі арнайы қатысты.

Шара барысында спорт жанашырларына құрмет көрсетіліп, дәстүрлі марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Ашылу салтанаты патриоттық рухтағы әндермен жалғасып, қатысушыларға сәттілік тілектері айтылды.

Айта кетейік, жарыстың алғашқы күні 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер татамиге шықса, 16 мамыр күні 2013-2014 жылғы спортшылар өзара мықтыны анықтайды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT