АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лонг-Бич қаласында бразилиялық джиу-джитсудан әлемдегі ең беделді әрі бәсекесі жоғары жарыстардың бірі - Worlds 2026 әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бұл турнир жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты спортшыларды жинайды.
Қазақстан өкілі Алинұр Қуатұлы тарихи жетістікке қол жеткізіп, 70 келіге дейінгі салмақтағы қоңыр белбеулілер арасында әлем чемпионы атанды. Бұл жеңіс Қазақстан, Орталық Азия және ТМД елдері тарихындағы аталған санат бойынша Worlds чемпионатындағы алғашқы алтын медаль болды.
Қазақстан құрамасының табысын Сейілхан Болатбек жалғастырып, 76 келіге дейінгі салмақтағы қоңыр белбеулілер арасында алтын медаль жеңіп алды.
Сондай-ақ Батыр Теңізбай 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанып, ұлттық құрама қоржынына тағы бір медаль салды.
Осындай деңгейдегі турнирде екі алтын және бір қола медаль жеңіп алу - қазақстандық және жалпы Орталық Азиядағы бразилиялық джиу-джитсу тарихындағы ең айтулы жетістіктердің бірі. Спортшылардың нәтижесі отандық атлеттердің дайындық деңгейінің қарқынды өсіп келе жатқанын көрсетіп, Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін одан әрі нығайтты.

