«Келешек мектебі» – сапалы білім мен қауіпсіз ортаның жаңа үлгісі

Өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі – 1200 орынға арналған заманауи «Келешек мектеп» пайдалануға дайындалуда. Қазіргі таңда білім ордасының құжаттамаларын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа мектеп оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына бағытталған барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген. Мектеп ғимараты толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жалпы білім беру үдерісі 52 оқу кабинетінде ұйымдастырылады. Әрбір кабинет дидактикалық материалдармен, көрнекі құралдармен және қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлық 52 кабинетке интерактивті тақталар орнатылып, оқу үдерісі цифрлық технологиялар негізінде жүзеге асырылады. Ақпараттық технологияларды меңгеруге ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде мектепте оқушылардың пайдалануына арналған 133 компьютер мен 103 ноутбук бар. Информатика кабинеттері соңғы үлгідегі 3D принтерлермен жабдықталған. Сонымен қатар STEM және робототехника кабинеттері жұмыс істейді. Робототехника сыныптарында арнайы дрондар қарастырылып, оқушылардың бағдарламалау, инженерия және заманауи IT бағытындағы тәжірибелік дағдыларын дамытуға мүмкіндік жасалған. Жаратылыстану ғылымдарын сапалы оқыту үшін химия, физика және биология кабинеттері толыққанды зертханалармен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Мектепте инклюзивті білім беру қағидаттарына да ерекше мән берілген. Ерекше білімді қажет ететін оқушыларға арналған арнайы кабинет жасақталған. Сонымен қатар ғимаратқа лифт орнатылып, барлық оқушының кедергісіз қозғалуына қолайлы орта қалыптастырылған. Оқушылардың денсаулығы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мектепте екі спорт залы қарастырылған. Оның бірі бастауыш сынып оқушыларына, екіншісі жоғары сыныптарға арналған. Мектеп аумағында баскетбол, волейбол және футбол алаңдары салынған. Сонымен бірге бастауыш сынып оқушылары үшін арнайы ойын алаңы жабдықталған. Бұл оқушылардың дене шынықтырумен жүйелі айналысып, бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT