Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Қадірлі бауырлар! Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!
Біздің халқымыз ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп: «он екі айдың сұлтаны» деп атаған. Рамазан – рақым айы. Алла Елшісі: «Кімде-кім рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі» деген. Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамды Алла тағала мейіріміне бөлейді. Кешіргенге – кешірім жасалады. Осы ретте аудан халқын материалдық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз. Рамазан – тәрбие айы. Ауыз бекіткен адам тілін жаман сөзден тежейді. Өйткені, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын әрі ешкімге дауыс көтермесін...» деп өсиет еткен. Расында, Алла тағала үшін тілін өтірік пен ғайбат сөзден тыймаған пендесінің ұстаған оразасы қажет емес. Рамазан – қасиетті Құран түскен ай. Бұл айда адам баласын тура жол мен бақытқа бастайтын, ақиқат пен жалғанның аражігін ажырататын Құран аяттары түсе бастады. Ораза кезінде Құранды кемінде бір рет толық оқудың, мән-мағынасын көңілге тоқудың сауа- бы айрықша.
Рамазан – сабыр айы. Аузы берік адам кейбір кісілердің дөрекі сөзі мен әдепсіз әрекетіне сабыр сақтап: «Мен оразамын» деген сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, төзімділік танытады. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат. Рамазан – Жаратқанның мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы. Рамазан – айлардың ең қайырлысы, уақыттың ең қасиеттісі де киелісі. Рамазан – құлдың шын ықыласпен тәубаға келіп, ұлы Жаратушысына қайта бет бұру заманы. Рамазан – Хақ тағаланың мейірім-шарапаты ерекше асып-тасатын айрықша ай. Рамазан – пенделік қылықтардан мейлінше арылып, барынша рухани кемелденіп, ішіп-жеуден уақытша болса да тыйылып, «періштеге» ұқсап бағудың табылмас сәті. Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы. Рамазан – атойлаған нәпсіге тойтарыс беріп, оған қыл бұрау сала ауыздықтау айы. Рамазан – қара ниетті шайтанның ауыз бекіткен адам баласын азғыруда амалы құрып, кері шегінетін айбарлы айы. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.): «Рамазан айы келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» деуі бұл айда шайтан атаулының көксегеніне жете алмай, дымы құритынын білдіреді.
Рамазан – құлдың Хақ тағалаға барынша жақындау үшін күллі қам-қарекетін салатын, бар жігер-қайратын төгетін ұлы ай. Рамазан – сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең берекелі ай. Бұл айда Құран бастан-аяқ қайта-қайта хатым жасалып, әр-әр жерде оның қасиетті үні ғажайып сұлу әуенмен оқылып, көкке шалықтап жатады. Және осы тұста айта кететін жайт, осы Рамазанда «Зинеден ата» мешітімізде тарауих намазында құран хатым өткелі жатыр, арнайы Қырғызстан елінен қарилар шақырылып, осы бір игі істі өткізгелі отырмыз. Рамазанда барынша тарауих намазына қатысуға шақырамыз.
Рамазан айындағы сауапты амалдың бірі – пітір садақасын беру. Пітір садақасын Рамазан айының бірінші күнінен бастап, ораза айт намазына дейін беру міндетті. Бұл шариғат талабы орындалуы шарт. Пітір садақа жан басына 300 тенге болып бекітілді.
Бейбіт АҒЫБАЕВ,
«Зинеден ата» мешітінің бас имамы.