Біз туралы

«Нарын таңы» газетінің тарихы

Қазіргі Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінің тұңғыш саны 1953 жылы ақпанның 18-і күні «Малшылар үні» деген атпен жарық көрді. 2018 жылы 18 ақпанда негізі қаланғанына 65 жыл толған аудандық газеттің сарғайған беттері, осы өткен жолдан түсінік беріп, ауыл тұрмысының, адамдар санасының қалай өзгергенінен сыр шертеді, аудан ел-жұртының еңбек және күрес жолын, қуаныш-мерейін, бастан өткерген қиын-қыстау шақтарын баяндайды.

1953-57 жылдар аралығында алғашқы кезеңде алдымен ауданның өз газетінің дүниеге келуі ауыл-аумақтағы әдеттен тыс оқиға болды. Тыңнан газет шығарып, уақыттың талабы мен алда тұрған міндеттерді бейнелеген сөздерін бейнетқор шаруаға жеткізе білген жандардың, ізашарлардың еңбегіне баға жетпейді. «Малшылар үнінің» 5 жылда шыққан 561 санынан алғашқы редакторлар Төлеген Сатқанбаев пен Мүтәлі Шәріповтың, жауапты хатшы Ғалымжан Үбеновтің еңбектері айқын танылады. Осыларды ашықтаумен газет беттерінде өткен ғасырдың 50-жылдарындағы мехнаты мол, сұрғылт та мимырт тіршілік кешкен ауыл өмірінің бейнесі жасалған. Соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жылдары мен оған ілісе аудан өңірінде атқарылған ұлан-ғасыр өзгерістер, әсіресе ауыл шаруашылығын өрге бастыру бағытында жасалған қадамдар газет беттерінде кеңінен көрсетіліп отырды.

20 жылдай үзілістен соң, 1977 жылғы қазанның бірінде «Нарын таңы» деген атпен қайта шыққан аудандық басылымның екінші өмірі сол уақытта өрлеу, кейінірек келе тоқырау аталған осы бір кезеңдегі ауданның өндірісі, транспорты мен құрылысы, ауыл шаруашылығы салаларында қол жеткен табыстар, олардағы социалистік жарыс пен озаттар өнегесі, мәдениеттегі, білім беру мен денсаулық сақтаудағы өрелі істердің кеңінен жариялануы қамтамасыз етілді. 1988 жылдың тамыз айына дейін шыққан газет бетінде осы кезеңде үзбестен редактор болған Қуандық Батыровтың, редакцияда қызмет жасаған Мәди Өтеғалиев, Жайнарбек Бержанов, Нұралы Әжіғалиев, Сейілхан Қайыржанов, Күзембай Әміров, Орынтай Исабаев, Жоламан Әбішев, Сағи Бәбиев, Қорлан Дүсіпова, Шәмшия Жұбатова және басқа қаламгерлердің қолтаңбасы бар.

Газет жылнамасындағы үшінші кезең аудан батыр баба Исатай атын алып, қайтадан құрылуына байланысты 1991 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Заман мен қоғамдағы өзгерістерге орай газеттің беталыс бағдары мүлдем жаңа сипатқа ие болды, тақырып мазмұны, материалдар стилі өзгерді. Ортақ ой бөлісу қамындағы, көкейтесті мәселелерді қозғайтын, өзіндік көзқарастарын білдіретін, пікір алуандығын аңдататын жарияланымдар көбірек беріле бастады. Ұлттық қадір-қасиетімізді құрметтеп, салт-дәстүріміз бен халықтық әдет-ғұрыптарымызды, имандылықты өмірге орнықтыру мәселелесіне кең орын берілетін болды. Осының бәрінде өмір құбылыстарын ой-елегінен өткізіп, дұрыс қоғамдық пікір қалыптастыру және оның күш-қуатын ұқыпты пайдалану, ақиқат ақпарат тарату парызы алғы кезекке шықты.

Аудан қайта құрылып, ер Исатай есімін иеленгенде 1991 жылдың 1 қаңтарынан өз оқырмандарымен қайта қауышқан газеттің редакторлығына Шапхат Хұсынов ағамыз (марқұм) тағайындалды. 17 жыл бойына аудан айнасына жетекшілік қылған білікті де білімдар басшының басылымды биік белеске көтере алғанын қалың оқырман қауымның әлі күнге ұмыта қоймағаны аян.

2007 жылдан беріде басылымның бас редакторлық қызметінде Дәулетқали Аруев, Бақытжан Жұмат, Фархад Балғожиев, Нұрым Ерғалиев және Нұрболат Нұғмановтар болды. Олардың қайсысы басылымға нендей жаңалық әкелді, қандай белеске көтерді дегенге келсек, ол өз алдына бір бөлек әңгіме әрі көбісі оқырманның көз алдында. 2018 жылы ақпанның 7-сінен бастап, 2021 жылдың маусым айына дейін жауапкершілік жүгі жетерлік бас редакторлық қызметті Аслан Мұратов содан соң Нұболат Нұғыманов  қолға алған.

2023 жылы маусым  айынан  бастап бас редакторлық қызметте  Аяпберген Салихов басшылық етуде.

Редакция құрамында 6 қызметкер жұмыс атқаруда.

Салихов Аяпберген Тілепбергенұлы.1961 жылы 20 желтоқсанда Атырау облысы, Бақсай ауданы, Бегайдар елді мекенінде дүниеге келген.
Мектепті 1979 жылы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданында бітірген. 1981-1983 жылдар аралығында Ресей елінің Свердловск облысында Кеңес әскері қатарында болған. Білімі жоғары. 1988-1993 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша оқып, тәмамдаған. 1993 жылдың 1 қазанынан бастап бүгінгі күнге дейін үзіліссіз Исатай аудандық «Нарын таңы» қоғамдық-саяси газетінде қызмет етіп келеді. Қатардағы әдеби қызметкерден бастап, әр жылдары бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып жасаған. Қазіргі таңда бас редактор болып қызмет етеді.
Марапаттары: «ҚР Мәдениет қайраткері». «Ақпарат саласының үздігі», облыс әкімінің «Тауман Амандосов атындағы сыйлығының лауреаты». Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Әр жылдары аудан, облыс әкімінің, ішкі саясат, мәслихат, Қазақстан Журналистер Одағынан, «Атырау-Ақпарат» ЖШС атынан алған Құрметті грамоталары мен Алғыс хаттары бар. Отбасылы. 1 қыз, 1 ұлы бар.

Дәулетияр Жоламан Отарғалиұлы 1963 жылдың 15 қаңтарында Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Тұщықұдық ауылында(қазіргі Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылы) дүниеге келген.
1980 жылы Максим Горький (қазіргі Жұмабай Мырзағалиев) атындағы орта мектепті бітірген.
1981-1983 жылдары Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеген.
Алғашқы еңбек жолын 1980 жылы аудандық "Нарын таңы" газеті редакциясында корректорлықтан бастады. Әскерден соң "Гурьевсельстрой" тресінің құрылыс ұйымдарында қызмет қылып, 1991 жылы баспасөз саласына қайтып оралып, күні бүгінге дейін аудандық "Naryn tany" газетіндде бас редактордың  жауапты-хатшы қызметін жалғастырып келеді. ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Қазақстан Республикасы Президенті Алғысының иегері (2011 ж) , "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалімен, Республикалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одоғы төс белгісімен (2013 ж) , Исатай ауданының Құрмет грамотасы (2013 ж), "Исатай ауданына 90 жыл" мерейтойлық төс белгісімен марапатталған. Қазақстан Журналистер Одағының Тұрар Құрманғалиев атындағы жүлдесінің, "Атырау-Ақпарат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бойынша "Үздік Журналист-2017" аталымының жеңімпазы. Сондай-ақ, аудан, облыс әкімдерінің, аудандық, облыстық мәслихаттардың алғыс хаттарымен, құрмет грамоталарымен марапатталған. Отбасылы.

Қайыр Сағыныш Сайлаубайқызы тілші 1998 жылы 3 қыркүйекте Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауылында дүниеге келген. 2016 жылы Тайсойған ауылында Ғ.Сланов атындағы орта мектепті бітірген. Білімі жоғары. 2016-2020 жылдар аралығында Х.Досмұхамедов атындағы университетін журналистика мамандығы бойынша оқып, тәмамдаған. 2022 жылдың 3 қазанынан бастап аудандық "Нарын таңы" қоғамдық-саяси газетінде қызмет етуде. Отбасылы. 1 ұлы бар.

  Сембиева Жұлдыз Аманкелдіқызы тілші және бет-құршуы, 2001 жылдың 1 қараша күні Исатай ауданы Хамит Ерғалиев ауылында дүниеге келген. Новобогат орта мектептің түлегі. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қазақ филологиясы мамандығын үздік дипломмен тәмамдаған. 

Тұрмыс құрған, 1 ұлы бар.

«Нарын таңы» - Исатай ауданының қоғамдық-саяси газеті

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Директоры: Елеусінов Нұрболат Мақсотұлы

Бас редактор: Салихов Аяпберген Тілепбергенұлы

Бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы: Жоламан Дәулетияр

Журналистер:  Сағыныш Қайыр, Жұлдыз Сембиева

Бет құрушы-дизайнер: Сембиева Жұлдыз Аманкелдіқызы

Жарнама менеджері: 

"Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнің Ақпарат комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінде есепке алынып, 2024 жылғы қаңтардың 8-інде №KZ59VPY00085006 куәлік берілген.

Редакция газетінің ғаламторлық нұсқасы naryntany.kz домені тіркеліп, 14 тамыз 2018 ж, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Ақпарат комитеті, Мерзімді баспасөз басылымын, ақпарат агенттігін және желілік басылымды есепке қою, қайта есепке қою туралы куәлігі №17231-ИА берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68. 

Электронды пошта: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Instagram: @naryntany

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521