шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

«Үмітің үзілмесін»

Ауданымызда жақында ғана құрылған «Алтын тұғыр» қоғамдық бірлестігі алғашқы жұмысын қайырымдылық шарасынан бастады.

Жұма күні аталмыш қордың ұйымдастыруымен аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Үмітің үзілмесін» деген атаумен өткен шараға мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы аналар қатысты. Кештің мақсаты, атауы айтып тұрғандай, мүмкіндігі шектеулі жандарға рухани қолдау білдіру, халық санын көбейтуге үлес қосып жүрген көпбалалы аналарымызды ардақтау болды.

Қайырымдылық кеші арнайы түсірілген бейнероликпен ашылды. Онда әлемді мейірімімен жаратқан Ұлы Жаратушының әмірімен тіршілік етіп жатқан әрбір жаратылыстың адамзат баласына қызмет ететіндігі, осының өзі адамдарды бір-біріне қамқор болуға үндейтін үлкен белгі екендігі айтылады. Сан түрлі тағдырлар сынға түскен жарық дүниеде жер басып жүруіңнің өзі бақыт дегенді білдіретін қысқа ғана бейнекөрсетілімнің өзінен біраз ой түюге болады. Шараны кезінде Атырау айтысының атын республикаға шығарған жергілікті айтыс-кер ақын Шынарбек Қабиев жүргізді. Көптен аудан сахнасынан көрінбей кеткен ақынның кеш тізгінін ұстауы да көрерменге күтпеген сый болғандай. Қайырымдылық шарасына мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы аналардан 18 адам шақырылған. Кешті облыстық ішкі саясат басқармасы азаматтық орталығының директоры А.Жәрдемқызының өзі келіп тамашалағанын да айта кетейік.

КӨПКЕ ОЙ САЛҒАН КЕЙІПКЕРЛЕР

Көпбалалы отбасы, исатайлық Бауыржан мен Жанаргүлдің жанұясы жайында түсірілген бейнеролик те көпке ой салардай. Қолдағы барын үйлестіріп, он баласын тәрбиелеп отырған бұл отбасының әлеуметтік жағдайы да жоғары емес. Соған қарамастан, ешкімге алақан жаймай, еңбектеніп, ұл мен қызын қатарынан кем қылмай тәрбиелеп отыр. Қамысқалалық Қ.Ғұбашев та екінші топ мүгедегі екендігіне қарамастан, қолынан келген дәнекерлеушілік кәсібінен нәсіп тауып жүрген азамат. Ол темірден киіз үй бөліктерін жасайды екен. Ағамыз тиісті орындардан қолдау болса, кәсібін кеңейткісі келетінін айтады.

Ал, бала күнінен тілінің кемістігі байқалған аққыстаулық С.Бектұрғанұлы бүгінде бұрынғыдай емес, апайы М.Шияпованың көмегімен сөйлеп, тіпті өлең жаттай бастаған. Ол спортты жақсы көреді. Бәрінен де сурет салуға жаны құмар. Әсіресе, мультфильм кейіпкерлерін қағазға сол күйі түсіретін Саят үй жұмыстарына да көмектесіп тұрады екен. Аталған үш кейіпкер жайында ұсынылған бейнекөрсетілімдерді де көрермен жылы қабылдады. Кешті әнмен әрлеген Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілері де шараның шырайын кіргізді.

ШЫНАРДЫҢ АНАСЫ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?

Атырау Жастар театры дайындап әкелген сахналық көрініс көпке ерекше әсер қалдырды. Қойылымның бір ерекшелігі бұл бұрын еш жерде ұсынылмапты. Яғни, шығарма ұйымдастырушылардың тапсырысымен осы шараға арнайы жазылған, сахнаға шығуы да осы. Мазмұны жағынан да тақырыпқа дәл келетін туындыны әртістер де әсерлі жеткізді. Арбаға таңылған Шынар есімді қыздың дені сау балалармен бірге би үйірмесіне қатысып жүргені олардың ата-аналарына ұнамаса керек, сахна сыртынан әлгі қызды жабылып ғайбаттап тұрған әйелдердің даусы естіледі. «Ауру қызын сау балаларымыздың ортасына жіберіп қойғаны несі? Балаларымызды шошытпай, неге бөлек үйретпейді апайы? Ол билеп кімді қарық қылсын?» деген сынды ауыр сөздерді естіп тұрған Шынардың анасының көңілі астан-кестен болған сәт қалың көрерменнің де көзіне жас үйірді. «Маған осындай бала бере гөр» деп Құдайдан тілеп алып па екем? Әлде менің Шынаржаным: «Мені осылай арбаға таңып қой» деп сұрап алып па? Тіл мен жақ аузыңа келгенді оттауға, біреуді даттауға берілмеген. Жанымызға медеу болар сөз айтсаңдар ырыстарың кеміп қала ма?, - деп шырқыраған дауыс ауру баққан әр ананың жүрек түкпірінде булыққан ащы зар еді.

Ашуға булыққан анасының даусын естіп қалған Шынар мән-жайды білмек болды. Көз жасын жасыра алмаған ана болса қызынан үйірмеге бармауын өтінеді: «Қызым, сол би дегенді қайтесің, бармай-ақ қойсаң болмай ма? Жұрттың сөзі анау. Олардың бұл қылықтарына бұдан әрі шыдай алар емеспін. Сен менің алтын қазынамсың, қаласаң, маған билеп бер, маған ән шырқай ғой. Мен сенің тыңдарманың, көрерменің болайын. Тек, үйірмеге бармай-ақ қойшы. Сен туралы ауыр сөздерді арқалап жүре алмаймын...» Анасының бұл күйін көріп, егілген Шынар өзі туралы кім, не десе де, алған бетінен қайтқысы келмейтінін білдірді. Көңілі жабырқау ананың одан сайын жанын жаралап, сыртынан сөз айтып жүргендерді өз аналарының қадіріне жетпеген жандар деп санаған ол жігерін жасытпай, ешкімнің сөзін елеместен, алға қарай адымдай беретінін айтып, сахнадан шығып кетеді. Қызына қол жайып дұға қылып, етегі жасқа толып, қолын көкке көтере Жаратқаннан жалбарына дұға тілеген ана бейнесіне егілмеген жан қалмады. Сәлден соң сахнаға мүгедек балаларға арналған би конкурсының жүлдегері деп таныстырылып, Шынар мен Қайрат есімді бала шақырылды. Екеуінің әдемі биімен түйінделген көрініс алға шын мақсат қойған адам қандай қиындықты да бұзып-жарып, арманына жетпей қоймайды дегенді айқайлап айтып тұрды.

МЕДЕТТІҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕДІ

Бұндай жігерлі жандар ауданымызда да бар. Солардың бірі ретінде ағайынды Гүлден мен Медет Сұпығалиевтарды атауға болады. Қол күресінен ел біріншілігінен екінші орын иеленген олар Азия чемпионатында да күміс жүлдегер атанып, абыройымызды асырғаны белгілі. Жақында Медеттің халықаралық дәрежедегі спорт шебері атануы да біз үшін үлкен мақтаныш. Шара барысында ағайынды спортшыларды құттықтап, марапаттаған аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Жұмажанов Медетке халықаралық дәрежедегі спорт шебері куәлігін салтанатты жағдайда табыс етіп, жақында Түркия елінде өтетін әлем чемпионатына жүргелі отырған ағайындыларға сәттілік тіледі. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ахметжанова мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Махмудов жаңа құрылған қоғамдық қордың алдағы жұмысына табыс тілеп, шараға оң бағаларын берді. Кешті қорытындылаған «Алтын тұғыр» қоғамдық қорының төрайымы А.Қалиева арнайы шақырылған 18 адамға ақшалай сыйлықтар табыстады. Аққыстаулық ақын Н.Мұратов оқыған Қалқаман Сариннің «Жақсылық жасасаң» атты жан тебірентер өлең жолдарымен қорытындыланған кеш рухани азық сыйлаған шараның бірі ретінде есте қалды.

Гүлнұр ҚАЙЫРЛИЕВА, Атырау Жастар театрының жетекшісі:

«ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫНДА КӨП БОЛАМЫЗ»

-Ауданнан құрылған «Алтын тұғыр» қоғамдық қорының алғашқы шарасына шақырту алдық. Атырау Жастар театрының бұл шараға келуіне себеп болған нәрсе кештің аты айтып тұрғандай, мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілдеріне сәуле себейік деген ізгі ниетіміз болды. Бұл біздің осы ауданда өткен қайырымдылық кешіне алғаш рет келуіміз. Ал, облыс көлемінде бірнеше рет ауқымды шараларға атсалыстық. Соның бірі күні кеше Атырау қаласындағы әйелдер коллониясында жазаларын өтеп жатқан аналарымызға арнап М.Томановтың «Жаннатық» драмасын ұсынып, алғыстарын алып қайттық.

Арайлым ҚАЛИЕВА, «Алтын тұғыр» қоғамдық қорының төрайымы:

«БҰЛ - АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫМЫЗ»

– Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі болғанымен, алдына мақсат қоя алатын, арманшыл, жігерлі азаматтар жоқ емес. Біздің көздегеніміз - оларды рухани жағынан қолдап, құрметімізді білдіру. Қоғамға деген оң көзқарастарын қалыптастыру. Қонақтарымыздың ішінде көп балалы жас аналар да болды. Ауданда мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы саны 680-нен асады. Оның бәрін елеп, қолдап жүру - қоғамның міндеті. Дегенмен, осы шарада барымызша көбіне-көп еленбей қалып жүрген жандарды шақыруды жөн көрдік. Ойлаған мақсатымыз жүзеге асты ма, жоқ па білмеймін. Оған халық баға бере жатар. Ең бас-тысы, көңілі көлеңкелі жандардың бір сәтке болса да жандары шуаққа бөленсе деген ниетіміз болды. Қоғамдық қорымыз жұмысын енді ғана бастап жатыр. Алда да мәдени, әлеуметтік шараларды ұйымдастыру жоспарда бар. Қолдау білдірген көпшілікке алғысым шексіз. Бәрі ойдағыдай болған сияқты.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru