Қызылша белең алып барады?

- Соңғы кездері ауданымызда қызылша ауруы бірте-бірте белең алып барады,- дейді аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы Айба Улданова.

Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың алғашқы екі айында аудан көлемінде қызылшамен ауырған 4 жағдай тіркелген.Оның үшеуі 14 жасқа дейінгі балалар, біреуі 30 жасқа дейінгі ересек адам. Қызылшамен ауырған адамдардың инфекция ошақтарына эпидемияға қарсы шаралар және ұйымдасқан ұжымдарда (мектеп, балабақшалар), оқушылар арасында слайдпен түсінік жұмыстар жүргізілген. Инфекция ошағында күн сайын аурумен қарым-қатынаста болған адамдарды тексеріп, термометрия жүргізу қолға алынып, үнемі оны әр участок қадағалап отырған көрінеді.

Алайда, аудан бойынша қызылшамен эпидемиологиялық жағдайдың өршу қаупі бола тұрса да, қызылшаға қарсы жоспарлы екпемен қамту қаңтар айында орындалмаған. Мәселен, екі жасқа дейінгілерді қызылша екпесімен қамту 6,4 пайыз орындалған (болу керегі 7,9-8,3%). Ең нашарлары - Жанбай емханасы -2,4%, Аққыстау емханасы-3,2%. Алты жасар балаларды қамту бойынша -5,4%. Новобогат бойынша -1,2 %, Забурын ФП-3,0 %, Чапаев емханасы-4,4%, Аққыстау емханасы бойынша-5,3 %.

Қызылша - өте өткір жұқпалы ауру. Ол науқас адамнан жұғады. Жұқпаны жұқтырған адам айналасына қауіп төндіре бастайды. Ауру адаммен байланыста немесе қасында болғаннан кейін он күннен соң суық тию белгілері бойынша дене қызуы, тұмау, көздің қабынуы және жөтел басталады. Ауру уақыт өткен сайын үдей түседі. Ауыз іші қабынып, ісініп, іш өтуі мүмкін. Екі немесе үш күннен кейін ауыздың шырышты қабығында тұздың жартысындай кішкентай ақ дақтар көріне бастайды.

Одан кейін екі немесе үш күн өткен соң құлақта және мойында, сосын бетте және денеде ең соңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақсарады. Бөртпелер бес күннің ішінде шығып болады. Кейде тері астына қанның құйылуы (қара қызылша) салдарынан шашыраңқы қара дақтар (көгерген жерлер) байқалады. Мұндайда дәрігердің көмегі керек.

Маманның айтуынша, бұл аурумен көбінесе балалар ауырады. Қызылшамен ауырған баланы басқа балалардан бөлек ұстаған жөн. Қызылшаның алдын алуда ең тиімді де сенімді шаралардың бірі - екпе салдыру. Қызылшаға егілу - сақтану иммунитетін қалыптастырады. Бірінші екпе бала 1 жаста, екінші екпе бала 6 жаста болғанда жүргізіледі. Екпе он бес жыл бойы тұрақты, сақтау тиімділігін қамтамасыз етеді. Ал, екпе қабылдамаған адамдарға бұл ауру балаларға қарағанда, екі есе ауыр тиеді.Көктем, қыста қызылша ауруы көбірек белең алса, ал, тамыз-қыркүйекте бәсеңдейді.Маман қызылша ауруын жұқтырмас үшін екпе алмаған азаматтарға адам көп шоғырланған жерлерге бармау жөнінде кеңес береді.

Аяпберген Салихов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521