bannerqaz

Күнің де енді ұзарады қарға адым...

Сағындырып қояды

Жақсы көрем,

Жақсы көрем қысты мен,

Аппақ онда айналаңда түс кілең.

Жаным ерек жұмсақтықты сезеді,

Жаяулатып жүрудің кеп кезегі,

Жаңа ғана жауған қардың үстімен.

Оралтады ол Балаң кезді ойға мың,

Сағыныш боп таралады бойға ағын.

Атам марқұм шебер еді табанды,

Қалай ғана ұмытайын шанамды

Жұрттан бұрын майлап-сайлап қойғанын.

Ол күндердің Ойын еді алаңы,

Аязың да сезілуші ед шамалы.

Аппақ қарда алысушы ек жұлысып,

Жүгіруші ек құлап, қайта, тұрысып

Бір-бір үйден бір-бір тентек шаналы.

Сүйрелеуші ек Бірімізді-біріміз,

Сырт кісіге болмас онша түріміз.

Аппақ қармен толған қойын-қонышқа,

(Онда біздің жоқ еді ғой жұмыс та),

Жуылушы ед болса көңіл кіріміз.

Сосын-сосын Боқсақ бойлай сырғанап,

Зырлаушы едік біткендей-ақ бір қанат.

Қайран сол бір бала кез-ай баяғы,

Сағындырып, сағындырып қояды,

Уақыт-мыстан әкеткелі ұрлап ап.

Жақсы көрем Жақсы көрем қысты мен,

Ағаратын баяғыша тұс кілең

. Жүгіріп-ақ кеткім келіп тұрады,

Жалбаң қағып құлақшыным құлағы,

Жаңа жауған аппақ қардың үстімен.

Ақ көбелек

Айналама көз саламын анықтап,

Шіркін, көңіл, бұдан қалай жалықпақ.

Алақанға қонып жатыр үлбірей

Аспан жақтан ақ көбелек қалықтап.

Қонақтайды жайлап жетіп шатырға

(Аппақ түске бояп оны жатыр да).

Үп еткен жел ықтасынға үйірді

Түсіп келе жатқандарын тақырға.

 Жайлап барып көліктерге қонады,

Шүкір, ешкім сүрткілемеді оны әлі.

Аспан жақтан алақайлап келеді,

Көрінбейді, көрінбейді соңы әлі.

Қонып жатыр бұтақтарға талдағы,

Қонып жатыр,сезілмейді салмағы.

Аппақ қарды аяп кеттім адамдай

Не күтерін білмес күннен алдағы...

Қаңтар. Қайран көңіл

Қаңтар айы мен туылған осы ма,

Қала берем сол ойымнан тосыла.

Қаһары пәс, баяғыдан жуастау,

Қарлы аязы жетуші еді қосыла.

Қашан жаңа жыл соққанша сағатын,

Қанша күттім екен біте тағатым?!

Қуанушы ем мен туған ай келді деп,

Қытымырлау қалпы аялап бағатын.

Қайран көңіл дей ме көкке шырқасын

Қондыратын алақанға ұлпасын.

Қайбір таңы сары аязбен сақылдап,

Қайбір кешін көркемдеуші ед бұрқасын.

Қармен аппақ көңілімді жуатын,

Қарап соған туды сан жыр тұма тым.

Қаһарына мінген сайын сары аяз

Қабылдайтын жаным соның қуатын.

Қай күні өрнек терезеге қондырып,

Қарап соған үлпілдейтін өңді үміт.

Қаңтардан бұл соның бірін көре алмай

Қойғанын-ай сергелдең ой көндіріп.

Қарсылаппын айымды елу алты рет,

Қарайлаймын жүзіне үнсіз елжіреп. ...

Қойды-ау жылдар жуасытып бізді де,

Құйқылжушы ед қайран көңіл желбіреп.

Қысқы кеш

Болыпты кез күн ұяға қонардай,

Үйірілді ымырт, мұңға батқан жанардай.

Қараңғылық тайталаса түседі

Аппақ қардың ақ сәулесін жеңе алмай.

Көңіліме келді әдемі жыр басы,

Сығалайды сарғайған ай сұлбасы.

Жартыдан да жартыланған ай сұлу

Сияқты ма әпкелерім сырғасы.

Тымық ауа, түтін көкке ұшады,

Көрініс осы ойымды көп тұсады.

Бәрін жұтып жіберуге шақ қап тұр

Ентелеген қараңғы түн құшағы.

Ауыл жатыр ақ қояндай бұйығы,

Жоғалыпты күннің қалған қиығы.

Қыстың кеші байқағанға сияқты-ау

Тынымсыздау тірліктің бір тұйығы.

Үкі

Қыстан көп-көп жүремін мен сыр ұғып,

Біреу көрер, біреу көрмес мұны құп.

Қалың қармен бірге қалың ой кешіп

Жүрген қандай құшағында тынығып.

Өзек те анау мұздай болып қатқанмен

(Шөлдегенде мұзын талай татқан да ем).

Бір жылылық сезілуші одан да

Қалып қойған анау жаздан, көктемнен.

Еріксізден сол көк мұзға бүгілем,

Соған қарап арылам ой жүгінен.

Мөп-мөлдір су сол жылылық секілді

Шып-шып етіп шығып жатқан үкіден...

Жыл жаңарды

Жыл жаңарды

Тапты жаңа арна күн,

Күнпарағым - жаңалап-ақ алғаным.

Жарық күннің қысқаруы тоқтады,

Бұл-дағы бір уақыттың тоқпағы,

Күнің де енді ұзарады қарға адым.

Жыл жаңарды Қаңтар енді күшіне,

Кейде аязбен ысқырушы еді ісіне.

Орай-борай соғушы еді бораны,

Шүкір, әзір сезілмейді ол әлі,

Жатыр ма екен дайындығын пісіре.

Жыл жаңарды

Басталды еңбек күні енді,

Шаруадайсың салған жаңа түренді.

Сыртта аппақ қар, қамаламын үйге мен

Үнсіз-түнсіз қоңырайған күйге енем

Шылбырынан ұстап шабыт-күреңді.

Жыл жаңарды Жаңарды жан сарайым,

Жаңа үмітпен үлпілдейді маңайым.

Ақ ниетпен бірін-бірі құттықтап

Жүгіретін, үлгіретін жұрт мықты-ақ,

Ақ тілеуің орындалғай, ағайын!

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz