«Аманаттың» кейіпкері ауылдастарымен кездесті

Өткен аптада еліміздің барлық мәдениет ошақтары бірыңғай әйелдер мерекесін тойлап жатқанда Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйі өзгелерден ерекшеленіп, халыққа мазмұны мен форматы өзгешелеу кеш сыйлаған еді. 

Ауыл әкімі Мәди Өтеғалиевтың тікелей қолдауымен әрі ұйымдастыруымен өткізілген шараға ауыл тұрғындары, жастар қауымы мен зейнеткерлер, Тұшықұдықта туып-өсіп, еліміздің өзге өңірінде тұратын жерлестері атсалысқанын атап өту керек.

Күні кеше ғана ел болып атап өткен Алғыс айту күні идеясымен мазмұндас түсірілген «Аманат» фильмі туралы естуіңіз бар ма еді?

Атырау облыстық дін істері басқармасы ақпараттық-талдау орталығының тапсырысы негізінде таспаға түскен қысқаметражды туынды «Аққыстау халық театры» әртістерінің қатысуымен түсірілген болатын. Фильм желісі сонау қыр-қыншы жылдары Қап тауының етегінен Қазақстанға жер аударылған өзге ұлт өкілдерінің аянышты тағдыры, оларды өз туысындай күтіп алып, қолындағы барын беріп, төрінен орын ұсынып, тірі қалуларына жағдай жасаған қазақ ұлтының жанкештілігі туралы баяндайды. Сол фильмнің басты кейіпкерін ауданымыздың Құрметті азаматы, кәсіпкер, Атырау облыстық шешен-ингуш мәдени орталығының төрағасы Зелимхан Зубариев сомдады.

– Қысқа да нұсқа түсірілген туынды жалпы жақсы шыққан. Бастысы, көрерменге айтары бар.

Фильм сценариі бойынша бала кезінде Қазақстанға күштеп жер аударылып, осы елде өсіп-өнген, қатарға қосылған шешен ұлтының өкілі есейген шағында өзі тұратын Алматы қаласынан ес біліп, етек жапқан Атырау облысының Исатай ауданына келіп, өзін қамқорлығына алған қазақ ақсақалына іштей дұға жасап, рахметін жаудырады. Ал ел ішінде мұндай тағдырлар қаншама,-деді Мәди Өтеғалиев. Фильм біткен соң сахнаға көтеріліп, өткен Алғыс айту күнімен, келіп жеткен әйелдер мейрамымен құттықтаған З.Зубариев фильмге түскен ауыл тұрғындарына алғысын жаудырып, сый-сияпат жасады.

Мұнан әрі мерекелік сазды-мәдени нұсқада жалғасын тапқан шарада әзіл-сықақ, сән қойылымы, күй өнері, әжелер ансамблі, флэш-моб, жігіттер хоры, ауыл жастарының ән мен жыр шашуы және биі кеш шырайын ашты.

Сахнада құрметті меймандар сапынан орын алып, сөз сөйлеген ауыл тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Тұрсынгүл Алипова мен өнегелі ене Гүлхан Сапашева көпшіліктің атынан округ әкімі М.Өтеғалиевке, шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521