Құмда туған бала қалам ұстап өседі

«Журналистер - сөз құдіретін бағамдауы тиіс».
Нұрсұлтан Назарбаев

Журналистика - бейресми төртінші билік. Қызық та қиын, құрметті де мазасыз мамандықтың адамы да - осы журналист. Оның тілі - заңның тілі, әділеттің тілі.
Журналист - жолаушы. Өйткені, ол өмір бойы жол үстінде. Ол жүрмейтін жол, бармайтын ел, жер жоқ. Ол - қоғамның үні, заманның көзі. Журналист қоғамдағы жақсылық атаулыны жаңғыртып, жамандық атаулының жер жебіріне жеткізіп суреттейтін қаламгер, қайраткер. Қай жерде, кіммен сөйлессе де оның тілі – әдеп.
Журналист – ойдың, сезімнің адамы. Жасыл жағалауды көрсе жаны жасарып, тылсым табиғатқа қараса, сөзден жыр төгеді.
Журналист - мінездің адамы. Ол кез келген мықтының алдында «ләпбай, тақсыр» деп жүгіре жөнелмейді. Оның пірі - халық. Журналист өз мамандығының құлы. Өз мамандығын сүймейтіндерге журналистикада орын жоқ.
Махамбет пен Исатай батырлар ат ойнатқан әйгілі Нарын құмы әуелбастан ән шығарып, жыр жазып, айтыс жасап сөз ұстаған дәулескер марғасқаларға толы болған. Оны кәрі тарих теріске шығара қоймас. Тіпті күні бүгінге дейін аудан аумағындағы көкірегі ояу, көзі ашық зиялы қауымның ішінен кітабы басылмаған адам кемде кем. Оған күні бүгін жер басып, тірі жүрген 12 бірдей Қазақстан журналистер одағының мүшелерін қосыңыз...
Ол ол ма, облыс көлемінде жанынан өлең шығарып, қыннан суырғандай әсем жырларымен халық көңілінен шығып жүрген айтыскер ақындардың да дені осы Исатай ауданынан шыққан ақындар. Олар Шынарбек Қабиев, Саадат Нұрманов, ағайынды Серікбол, Амангелді Панабердиевтер, Нұрболат Нұғманов, ағайынды Айзада-Өнербек Дәулекеновтер. Осы арқалы ақындардың арқасында Исатай өңірі ауызға ілігіп, көп жерлерде мерейі үстем болып жүргенін біреу білсе, біреу білмейді.
Жанбайлық Адайбек Есекешов, Мұстажап Аяшұлы, Новобогаттан Ибатолла Сәтенұлы, Тұщықұдықтан Мұрат Бектенов, Мәди Өтеғалиев, аққыстаулық Аяпберген Мұханбетов, Жайнарбек Бержановтар ылғи да ауданның айнасы «Нарын таңы» газетінің қоғамдық жанашыр тілшілері, ауыл-аймақта болып жататын жаңалықтарды, ел көзінен таса қалған әлеуметтік мәселелерді, қуанышты хабарларды өткір де әділ тілмен түйреп жазатын «меншікті қосындары». Олар жазған мақалалар әркез қоғамда, ауыл ішінде қызу пікірталастар туырады. Оның үстіне аудан зиялыларының қара нарындай болып, көп жерде қияметі пен бейнетін арқалап, небір орталарда өңір мұңын, өзекті мәселелерін ел басқарған, билік тізгіндеген азаматтардың құлағына жеткізіп жүргендер де осылар. Абыройлы, беделді, сөзін өткізе алатын, кез келген аузын айға білеген мықтының арынын басып, туған жердің мүддесін қорғау мәселесінде тыңнан түрен салып, атой салып жүргендер осылар. Сонымен қатар, осы ағалар қатарына «ATYRAY» телеарнасының аудандағы меншікті қызметкері Ержан Шеруеновті де қосқым келіп отыр. Көп жылдан бері көгілдір экран арқылы Исатай ауданы туралы жағымды хабарлар мен сюжеттер жасап жүрген, ортасына сыйлы Ерекең - қай істің де тетігін таба білетін сұңғыла жан.
Ал, «Нарын таңында» бүгінде нәтижелі қызмет атқарып жүрген Аяпберген Салихов, Жоламан Дәулетияр, Серікбол Панабердиев, Әйгерім Құбаева, Анаргүл Құсайыновалар бүгінде қалыптасқан кәнігі қадамгерлер болса, фототілші Әбілмажан Шарапиденовтің объективінен күнделікті тыныс-тіршілікпен қоса маңызды сәтте түскен емес. Сонымен бірге редакцияда қызмет ететін корректор Мәрзия Пазылова отыз жылдан астам қызмет ететін майталман қатегер болса, бет құрушы-дизайнерлер Ару Қисимова мен Нұрғабыл Дәулетияровтар соңғы заманауи техника мүмкіндіктерін пайдалана отырып, газетті әртараптандыру, гүлдендіру жолында аянбай тер төгіп жүрген жас, әрі хас мамандар. Жарнама менеджері Райхан Құбашева мен көлік жүргізушісі Тілектес Қисамеденовтер де өз ісін толық меңгерген, көп уақыттан бері баспасөз ісіне бір кісідей төселген сала білгірлері.

БІЗДІҢ ТАРИХ
Исатай ауданының айнасы, үнпарағы болған «Нарын таңы» газетінің тұңғыш саны 1953 жылы ақпанның 18-і күні «Малшылар үні» деген атпен жарық көріп, күні бүгінге дейін 65 жыл бойы өңір халқын ресми ақпараттармен, қажетті мәліметтермен, ресми де бейресми жаңалықтармен сусындатып келеді.
1953-57 жылдар аралығында алғашқы кезеңде алдымен ауданның өз газетінің дүниеге келуі ауыл-аумақтағы әдеттен тыс оқиға болды. Тыңнан газет шығарып, уақыттың талабы мен алда тұрған міндеттерді бейнелеген сөздерін бейнетқор шаруаға жеткізе білген жандардың, ізашарлардың еңбегіне баға жетпейді. «Малшылар үнінің» 5 жылда шыққан 561 санынан алғашқы редакторлар Төлеген Сатқанбаев пен Мүтәліп Шәріповтің, жауапты хатшы Ғалымжан Үбеновтің еңбектері айқын танылады. Осыларды айшықтаумен газет беттерінде өткен ғасырдың 50-жылдарындағы мехнаты мол, сұрғылт та мимырт тіршілік кешкен ауыл өмірінің бейнесі жасалған. Соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жылдары мен оған ілесе аудан өңірінде атқарылған ұлан-ғасыр өзгерістер, әсіресе ауыл шаруашылығын өрге бастыру бағытында жасалған қадамдар газет беттерінде кеңінен көрсетіліп отырды.
20 жылдай үзілістен соң, 1977 жылғы қазанның бірінде «Нарын таңы» деген атпен қайта шыққан аудандық басылымның екінші өмірі сол уақытта өрлеу, кейінірек келе тоқырау аталған осы бір кезеңдегі ауданның өндірісі, транспорты мен құрылысы, ауыл шаруашылығы салаларында қол жеткен табыстар, олардағы социалистік жарыс пен озаттар өнегесі, мәдениеттегі, білім беру мен денсаулық сақтаудағы өрелі істердің кеңінен жариялануы қамтамасыз етілді. 1988 жылдың тамыз айына дейін шыққан газет бетінде осы кезеңде үзбестен редактор болған Қуандық Батыровтың, редакцияда қызмет жасаған Нұралы Әжіғалиев, Сейілхан Қайыржанов, Күзембай Әміров, Орынтай Исабаев, Жоламан Әбішев, Сағи Бәбиев, Қорлан Дүсіпова, Шәмшия Жұбатова және басқа қаламгерлердің қолтаңбасы бар.
Газет жылнамасындағы үшінші кезең аудан батыр баба Исатай атын алып, қайтадан құрылуына байланысты 1991 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Заман мен қоғамдағы өзгерістерге орай газеттің беталыс бағдары мүлдем жаңа сипатқа ие болды, тақырып мазмұны, материалдар стилі өзгерді. Ортақ ой бөлісу қамындағы, көкейтесті мәселелерді қозғайтын, өзіндік көзқарастарын білдіретін, пікір алуандығын аңдататын жарияланымдар көбірек беріле бастады. Ұлттық қадір-қасиетімізді құрметтеп, салт-дәстүріміз бен халықтық әдет-ғұрыптарымызды, имандылықты өмірге орнықтыру мәселелесіне кең орын берілетін болды.
Аудан қайта құрылып, ер Исатай есімін иеленгенде 1991 жылдың 1 қаңтарынан өз оқырмандарымен қайта қауышқан газеттің редакторлығына Шапхат Хұсынов ағамыз (марқұм) тағайындалды. 17 жыл бойына аудан айнасына жетекшілік қылған білікті де білімдар басшының басылымды биік белеске көтере алғанын қалың оқырман қауымның әлі күнге ұмыта қоймағаны аян.
2007 жылдан беріде басылымның бас редакторлық қызметінде Дәулетқали Аруев, Бақытжан Жұмат, Фархад Балғожиев, Нұрым Ерғалиев және Нұрболат Нұғмановтар болды. Олардың қайсысы басылымға нендей жаңалық әкелді, қандай белеске көтерді дегенге келсек, ол өз алдына бір бөлек әңгіме әрі көбісі оқырманның көз алдында.

БІЗДІҢ ҚЫЗМЕТ
Аудандық «Нарын таңы» газетінің аудандағы көкейтесті мәселелерді көтеруде, сол арқылы өңіріміздің экономикалық дамуына, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына, мәдениеттің өркендеуіне қосып отырған үлесі баршылық. Өткен жылдан бері қаламгер-журналистер Елбасының «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам», « Ұлт жоспары-қазақстандық арманға бастайтын жол»,«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты дәстүрлі Жолдаулары мен бағдарламалық мақалаларынан туындайтын міндеттер жұртшылыққа насихаттап келеді. Мысалы, бұлардың қатарына «Дамудың даңғыл жолы», «Рухы биік ұлттың ұтары көп», «Латын қарпіне көшу - өркениеттілік белгісі», «Кемел болашақтың кепілі», «100 оқулық: заманауи бәсекеге қабілеттілік», «Әр атаудың артында тарих жатыр», «Қажеттіліктен туындаған қадам», «Ерекшелігі мол этномәдени шара», «Құт қонған Қобда жерінде» және тағы басқа мақалаларды жатқызуға болады.
Биылдан бастап газеттің көркемдік безендірілуі мен мазмұндық сапасына баса назар аударылуда. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар да баршылық. Әсіресе газетіміздің мазмұны ашыла түсу үшін фотосуреттермен безендіріп, түрлендірілуде. Өйткені бүгінгі оқырман талабы – сол.
Сондай-ақ қазіргі кезде басылымның мазмұны мен сапасына, көркемдік безендірілуіне көбірек мән беріліп келеді. «Қоғам», «Өңір өмірі», «Кәсіп пен нәсіп», «Бұқара», «Шаңырақ», «Әлеумет», «Сырғалым», «Газет және оқырман», «Спорт», «Керуен», «Алдар көсе» және тағы басқа жаңа форматтағы арнаулы беттері ашылды. Әрбір парақшаларға жауапты журналистер бекітілді. Астананың 20 жылдығына арналған «Астана – махаббатым менің» атты фотосуреттерден құралған беттерді әр нөмір сайын жариялап, арнайы беттерде тек аудан ғана емес республикалық, облыстық маңызды деген жаңалықтарға да орын берілуде. Бірінші бетті коллажбен немесе суретті анонспен айшықтау - негізгі үрдіске айналуда.
Сонымен қатар, журналистер мен автор-тілшілеріміз жұрт қызыға оқитын проблемалық көкейтесті мақалалар мен сыни материалдарды арагідік болса да газетке жазып келеді. Мәселен, соңғы алты ай ішінде штаттан тыс тілшіміз Мұстажап Аяшевтың «Жанайқайымызға кім құлақ түреді?», журналистер А.Салиховтың «Құрт ауруы түбімізге жетіп жүрмесін», «Еден жуу да еңбек, бірақ жалақысы неге аз?», «Қолтықтан демеу қашан азаяды», Ж.Дәулетиярдың «Осындай да орын керек», «Немқұрайдылық неге басым», А.Мұратұлының «Ауыл жиенге толып кетті», «Ел болам десең, экраныңды түзе», С.Панабердиевтің «Асығып қайда барамыз?», «Асабалар аузына келгенді айта бере ме?», А.Құсайынованың «Білім сапасы неге төмен?» деген тақырыптағы мақалалары оқырмандар қызығушылығын туғызды. Бір сөзбен айтқанда, басылым шама келгенше елдіктің сөзін сөйлеуден жалыққан емес.
Газетке тілші-авторлар тарту да назарымызда. Оқырмандар арасында жиі болып, кездесулер өткізудеміз. Баспасөзге жаздыру - күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осыған орай аудандық пошта байланысымен арадағы байланысты нығайтып, баспасөзге жаздыру науқанын ұйымдастырудамыз. Ондағы мақсат – таралым санын арттыру. Ақылы қызмет пен жарнама беттерін ұйымдастыру да парызымыз болып саналады. Қорыта айтқанда, осының бәрі газетіміздің мәртебесі өсіп, биіктей түсуіне зор мүмкіндік туғызатыны анық.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521