bannerqaz

Олар сатқындар емес, тұтқындар еді

Екінші дүниежүзілік соғыстағы әскери тұтқындар тағдыры - әлемдік тарихтың ең бір қасіретті парақтарының бірі. Соғыстың зардабы орасан зор әрі ауыр болды.

Тек 1942 жылдың ақпанына дейін немістерге тұтқынға түскен Кеңес әскерлерінің саны 3.9 млн. адамға жетті, солардың 2.8 млн. қырылып қалды. Бұл сұмдық факті көпке дейін бүркемеленіп келді. Соғыс кезіндегі тұтқындар жөнінде Гаага (1899 ж., 1907 ж.) және Женевада (1929 ж.) әскери тұтқындар туралы конфенциясы қабылданған болатын. Бұл конференциялар шарты бойынша соғысушы мемлекеттер өз тараптарынан соған орай бірінші, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында соғыс тұтқындарына адамгершілікпен қарады. Бірақта Кеңес үкіметінің тарапынан ұстанған қағида бойынша, яғни, «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген ұстаным миллиондаған тұтқындардың тағдырына сұмдық та қатал ауыр зардаптарын тигізді. Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен түркістандықтардың еврейлермен парапар қорлық, сұмдық азапты бастан кешкендігін архив деректері айғақтайды. Адамзат тарихындағы алапат соғыс үлкен зардаптарға ұшыратып, көп адамдарды Отанынан ажыратып, миллиондаған адамдардың өмірін қиды.

Қасап майдан далаларынан 350 мыңнан аса қазақ өз еліне қайтпады, олардың біразы тұтқын-ға түссе, көпшілігі майдан даласында қаза тапты. Қазақ тарихындағы ақтаңдақтардың бірі екінші дүние-жүзілік соғыс жылдарындағы тұтқындар жөнінде және Түркістан легиондарында қызмет еткен (әрине, көпшілігі өз еріктерімен емес) жерлестеріміз жөнінде өте аз мәліметтер білеміз. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің бірі – соғыс тұтқындары туралы тереңірек талдаған жөн. Бұл туралы өлкеміздің тарихында арнайы зерттеу жұмыстары жоқ. Бізде көптеген оқиғаларға, тіпті адам тағдырына да өз мақсат-мүддеміз емес, өзгелердің көзімен, қоғамдық құбылыстардың барлығын еш реңксіз, «ақ» пен «қараға» бөле саралайтын идеология тұрғысынан қараушылық ызғары әлі де сезіледі. Бұл жағдай, әсіресе, екінші дүние-жүзілік соғыс барысында тұтқынға түскен жерлестерімізге деген көзқарастан айқын байқалады. Жау қоршауында қалып, қолға түскен жауынгерлердің тағдыры қатты өкіндіреді. Неміс лагерьлерінде тұтқындар ашық аспан астында ұсталды, тамақтары үсіген қырыққабат пен қабығы аршылмаған картоптан тұрды. Әр адамның тағдыры үлкен хикая, ол ойыншық емес. Оның ұрпағына, бала-шағасына әсер етті. Сондай адамдардың айтылмай жатқан тағдыры қаншама. Олардың тарихтағы лайықты орнын беру әділеттілік болмақ. Шетелдік ғылыми орталықтар әскери тұтқындардың тағдыры туралы тақырыпты зерттеумен жетілікті айналысады, қоғамдық ұйымдардың түрлі жұмыс-тар жүргізуде.

Тұтқындардың ағайын-туыстары архивтерге хабарласып, өлген, жерленген жері туралы ақпарат, оның тағдырын анықтау үшін қандай да бір дерек іздеп жатуы соғыс жаңғырығының әлі толық жойылмаған қабаттары жетіп артылатынын байқатса керек. Кейбір тұтқындар соғыстан кейін өзін күтпеген, сенбеген Отанына оралды, оларды тексеріп, лагерьлерде ұстап, тексергеннен және адалдығына көз жеткізгеннен кейін еркіндікке босатты. Дегенмен де бұрынғы әскери тұтқындардың тұрақты түрде бақылауда болғаны жасырын емес. Енді біреулері Отанында күтіп тұрған ащы тағдырды сезіп, жат елде қалып қойды да, өзі таңдаған тірліктің өкініш уын ішіп күн кешті. Мұндай адамдар Отан тізімінде ұзақ уақыт бойы болған жоқ. Әскери тұтқын – соғыс майданында қолға түскен әскери адам. Жоғарыда аталған конфенцияларда қабылданған халықаралық нормаларға сәйкес тұтқындарға оларды тұтқындаушы жақ адамгершілікпен қарау, қорлауға, жәбірлеуге, өлтіруге, тәжірибе құралы ретінде пайдалануға болмады. Бірақ бұл нормалар көп жағдайда орындала бермеді. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында фашисттік Германияның концлагерьлерінде миллиондаған соғыс тұтқындары жойылып жіберілді.

ӨЛІМ ЛАГЕРЬЛЕРІ БОЛҒАН

Немісше Stammlager (Шталаг) – негізгі лагерь деген ұғымды білдіреді. Шталаг – екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияның қатардағы жауынгер соғыс тұтқындарына арналған лагерь. 1941 жылы Германияда 80-ге жуық осындай лагерьлер болды. Мұнда сағат сайын, күн сайын өмір үшін күресуге мәжбүр қорғансыздардың басында туралы адам сенгісіз сұмдық жағдайлардың болғандығы тарихтан белгілі. Аталған лагерьлерде немістердің қанына сіңген ұқыптылықпен қолға түскен соғыс тұтқындарының анкетасын мүмкіндігінше толық толтыруға тырысқан. Анкетада тұтқынның аты-тегі, туған жылы мен күні, ұлты, мекен-жайы, жанұялық жағдайы, балалары, мамандығы, білімі, қай тілде сөйлейді, бойы, шашы мен көзінің түсі, әскери шені, қай бөлімде қызмет атқарды, қандай әскери мамандық бойынша оқығандығы, қай жерде тұтқынға түсті, қанша ақшасы мен бағалы мүлкі, лагерьдегі нөмірі туралы мәліметтер толтырылған. Анкетаға әрбір тұтқынның бармақ ізін бастырып отырған. Сондай-ақ қойылған сұрақтарға дұрыс жауап берілмеген жағдайда жазаға тартылатындығы анкетада көрсетілген. Қолдарында ұстап отырған кішкентай тақтайшада тұтқынның лагерьдегі нөмірі. Фотосуретке түсірерде тақтайшадағы нөмірді кетіріп, жаңасын жазып және анкетаға тұтқынның 3х4 суретін жапсырып отырған. Лагерьлерде тұтқындардың шамадан тыс шоғырлануы адам төзгісіз антисанитаралық жағдайға соқтырды, күніне 10 тұтқынға бір қалаш нан берілді, ол да жетіспеді. Ашыққан тұтқындар лагерь айналасындағы шөптерді азық ретінде қолданып, оны да жеп тауысқан. Тұтқындар ашық аспан астында ұсталды, күн суыта олар амалсыздан жер қазып, жер кепелерде өмір сүруге мәжбүр болды. Лагерьлерде тұтқындар аштықтан, аурудан, азапты жұмыстардан, майдан даласынан алған ауыр жарақаттарынан өлім құшты.

ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖАЗҒАН ХАТ

Осындай өлім лагерьлерінде ажал құшқан бірнеше жерлестеріміз туралы мәліметтерге назар аударсақ. ... Сол сұрапыл жылдары Мұстафа Шоқайдың қолына түскен бір жапырақ қағазға жазып берген жерлесіміздің өтініші назар аударалық. Қойын дәптердің парағына араб қарпімен жазылған мына бір құжат аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешкен, бірақ қиындықтарға қарамастан алға ұмтылған қайсар қазақ жасының өмірінен белгі береді. Өлім алдында тұрса да, рухын жоғалтпаған бұл жасты тыңдап көрелік: «Сәлем бердік. Нашарға жағдай туғызу мақсатында алыс жерден келген мұсылман баласы. Сізге жүрегімнің терең түкпірінен шыққан махаббатқа толы сырымды ұсынып, төмендегі жағдайымды еске алуыңызды өтінемін. Мен - Гурьев (Үйшік) облысынанмын, Қаңбақтыны жайлаушы Қосымбай болыстың туған немересі Жал-ғасұлы Сембай боламын. Орта білімім бар. Мамандығым оқытушы, Гурьевтегі оқытушылар курсын бітірдім (мұғалім болар). Бірақ жасымнан газет-журнал жұмысына араласудамын. Бұл іс – өмірлік алға қойған мақсатым. Мұның қайнар бұлағы – ақын-жазушылық жұмысы. 30-жылдан жазушылық талаппен қазақтың көркем әдебиетімен таныстым. 31-жылдан өз бетіммен қолыма қалам алып, түрлі жағдайға арнап өлең, әңгіме жаза бастадым. Бірақ Қосымбай болыстың («бөрінің») тұқымы деп... менің шығармаларым керексіз пұлға айналып отырды. Мектеп бітіргеннен кейін облыстық газетке жұмысқа кіріп, қазақтың көне фольклорын жинау жөніндегі комиссияға іліндім. Сонымен «Алаш заманындағы ақын-жазушылардың сойылын соғушы» деп облыстық газет алқасынан шығарды. Көп адамдармен бірге мені де қуды. Сіздің есіміңіз біздің елде өшпес орын алды. Францияда дегенді естіп, елде жүргенде армандаушы едім. Сол тілегім орындалып, сізбен бүгін жолыққалы отырмын. Мен бір түпсіз тұңғиыққа батқан қара тастай қайғылы ауыр халде тұрмын. Болашақ жас талантты өлім халінен алып қалуыңызды сұраймын. 4-жұмысшы тобы, 2-барақ. Жалғас-ұлы Сембай. 19.Х.41».

АНКЕТАЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Ал, Нұрат Рахметов Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Бегайдар ауылдық кеңесінде 1899 жылы шаруа жанұясында дүниеге келген. Ол 1942 жылы Харьков қаласы үшін болған шайқаста, яғни 22-30 мамыр аралығында қоршауды бұзу операциясы кезінде тұтқынға түсті. Бұл қоршауда 239 мың кеңес жауынгері жау қолына тұтқынға түсуге мәжбүр болды. Белгілі болғандай, қатардағы жауынгер Н.Рахметов 26 мамыр күні жау қолына тұтқынға түскен. Ол кеңес әскерилерінің дарынсыз жоспарының нәтижесінде №ІV В шталагтың тұтқынына айналды. Бұл лагерь Германияның ІV – Дрезден әскери округі, Саксония жеріндегі Мюльберг (Muhlberg) қаласынан 8 шақырымдай жерде орналас-қан. Жерлесіміздің лагерьдегі жеке нөмірі - №182011. Лагерьдегі толтырылған анкетада көрсетілгендей, бармақ ізі басылған, бойы 164, шашы қара, мұсылман, ұлты қазақ. Әкесі Рахмет, анасы Иба. Әйелі Рахметова Нұргүлжан. Жерлесіміз өлім лагерінде 24-наурыз 1944 жылы ажал құшқан. Мүти Досжанов Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Бегайдар ауылдық кеңесінде 1906 жылы дүниеге келген. 22 шілде, 1942 жылы Калач қаласы түбіндегі шай-қаста жау қолына тұтқынға түскен. Лагерь комендатурасының толтырған анкетадағы мәліметі бойынша, бармақ ізі басылған, жеке нөмірі № 21983, қызыл әскер, қазақ, мұсылман, шашы қара, бойы 166. Ол да 7 айдан соң өлім лагерінде, яғни, 20 ақпан 1943 жылы өлген. Өкінішке орай бұл боздақтың жеке анкетасында қандай лагерьде бол-ғандығы жөнінде мәлімет жоқ. Сол кезеңде ауылы аралас, қойы құралас жатқан Мәмбет құмы қазіргі аудан аумағымен шектесіп жатқаны белгілі. Сондықтан да туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай, ботадай боздап өткен боздақтың туғандары кездесіп қалар деген үмітпен мақаламызға қосып отырмыз. Бұл соғыс тұтқыны жерлесі Нұрат Рахметовпен жоғары да аталған лагерьде бірге болған. Лагерьдегі оның жеке нөмірі №182010 болса, ал Нұрат Рахметовттің жеке нөмірі - №182011. Ал, Бисекен Итгеев 1896 жылдың 15-мамыры күні Гурьев облысы, Есбол (қазіргі Индер) ауданы, Мәмбет құмында дүниеге келген. Жауынгер 1942 жылдың 26-мамырында Харьков түбінде тұтқынға түскен. Тұтқын лагеріндегі жеке нөмірі -№182010. Алғашқы кезеңде ІV – Дрезден әскери округі №ІV В Мюльберг (Muhl-berg) лагерінде болды. Кейін 1942 жылдың 28-қыркүйегі күні ХІ – Ганновер әскери округінің Альтенграбов (Altengrabow) ХІ А шталагерінде, 1943 жылдың 5 қаңтарында Фрайнсхайм (Freinsheim) ХІІ Ғ шталагқа ауыстырылған. 47 жасында 1943 жылдың 21-шілдесі күні сол лагерьдің лазаретінде өкпе ауруынан қайтыс болған. Лагерьдегі толтырылған анкетада туған жерінің мекен-жайы жазылып, бармақ ізі басылып, әкесі Итгей, анасы Қадиша және Бибат есімді әйелі көрсетілген. ХХ ғасырдың жазықсыз жапа шекен тұтқындарын саяси ақтайтын мезгіл жетті. Өйткені, Отан үшін от кешкен жауынгерлердің туған-туыс-тары, жақындары мен бауырлары олардың тағдыр-тарихы туралы танып-білуі тиіс.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz