Жүк тасымалы жыл санап артуда

Осыдан ондаған жылдар бұрын Исатай ауданында болат жол төселіп, теміржол стансысы өмірге келді.

Ол көзкөрімде тұрған Чапаев атындағы кеңшардың орталығы Аққыстау ауылының атын иеленген алғашқы сәтте онда еңбек ететіндер де санаулы болатын. Содан беріде ауданда болат жолдың бойында маңдай терін төккендер қатары көбейе түсті, әр жылдары теміржолдың бойымен тасылатын жүктің де көлемі артып, ауданның экономикалық дамуына аз үлес қосылмады.

Сөйткен теміржолшы ағайынның Көлік қызметкерлерінің күні аталатын кәсіби мерекелері таялған тұста ойға алдымен оралатыны осы жайттар болуы да заңды. Мерекеге орай Аққыстау теміржол стансысының басшысы Гүлнар Көшкінбаевамен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Жұмысымыз жыл сайын көбейіп келеді, - дейді Гүлнар Жағпарқызы. - Қазір тек «Сазанқұрақ» ЖШС-нің өзінен 1200-1300-дей вагон тиеледі жылына. Жалпы стансы бойынша 1500-2000-дай вагон тиеліп-түсіріледі, бұл «Сазанқұрақ» ЖШС-н қоспағанда. Мәселен, Исатай ауданы бойынша биыл алпыс пәтерлік үш үйдің, кәсіптік мектеп ғимаратының, Жанбай мен Нарындағы автокөлік жолдарының, өрт сөндіру депосының құрылыстарына керектің бәрі біздің теміржол арқылы жеткізілуде. Олардың қайсыбіріндегі жұмыс келесі жылы да жалғасатынын, сондай-ақ кәріз құрылысы аяқталысымен аудан орталығында 24 километр автокөлік жолы құрылысы жүретінін, мұнай алаңдарына жолдар салынатынын, басқа да қолға алынар құрылыстар барын ескерсек, алдағы жылдың жүгі де арта түскелі тұр.

Бұның бәрі, басшының айтуынша, стансы ұжымындағы, сондай-ақ 2 околоткаға бөлінген жол жөндеушілер мен ШЧ мекемесіндегі теміржолшылардың белсенді еңбек қимылдарының нәтижесінде мүмкін болып отырған нәтижелер десек артығы жоқ. Білгеніміздей, стансы басында бұрын болмаған ауыз су желісі де жүргізіліпті, вокзал үйіне де орташа жөндеу жұмысы жасалатын болған.

Иә, айтылғандардың бәрі, сөз жоқ жақсылықты, жетістікті жайттар. Ал олар тер төккен теміржолшы еңбегінің көрінісі. Ендеше, мерекелі сәтте берекелі еңбектерінің жалғасын таба беруін тілек етсек, ғанибет.

Жоламан Дәулетияр

Сурет ашық дереккөзден алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521