bannerqaz

Қамысқалалық жастар қамқорлық жасады

1992-жылы туған қамысқалалық азаматтар жылды қайырымдылық жасаудан бастады.

Жыл басында жақсы іс жасайық, осылайша өзімізді де, өзгелерді де қуанышқа бөлейік, деген ниетпен олар бұл шараны жаңа жылдың алғашқы жұмасында қолға алуды жөн деп ұйғарыпты.

- Құрдастар арасында жалпы сомасы 152 мың теңге қаржы жинақталып, ауылымыздағы 11 отбасына бір жолғы азық-түлік таратылды. Және осы қаражаттың шетінен бір науқас баланың емі үшін есепшотына ақша аудардық, - дейді есімін атағысы келмеген жігіттердің бірі. Ауыл азаматтарының айтуынша, бұл көптен ойларында жүрген іс көрінеді.

– Бір уақыттары ауыл жастарына кіші аяқ доп ойынын ұйымдастырып, соңынан қорытынды ретінде қайырымдылық дастарқанын жайсақ деп жоспарлағанбыз. Алайда, бір себептермен ол ойымыз іске аспады. Содан соң құрдастар арасында қайырымдылық шарасын өткізу жайын тағы бір талқыға салдық. Қорытындыда, мұндай маңызды шараны ұйымдастыру үшін, әуелі кішігірім шаралар арқылы тәжірибе жинақтауымыз керек деген ортақ шешімге келдік. Сөйтіп, алғашқы қамқорлық шарасын жаңа жылдың алғашқы жұмасында өткізу нәсіп болды, - дейді жігіттер.

«Оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесін» деген бар емес пе, құрдастар бұл сауапты жұмысты жариялауды мақсат тұтпағандықтан, ешқайсының аты-жөнін атамағанды жөн көріпті. Сондай-ақ олар бұндай игілікті істер әртүрлі мерекелер қарсаңында, қасиетті Рамазан айында жалғасын табады деп отыр. «Ендігі қайырымдылық шараларын әр түрлі бағытта ұйымдастырамыз. Ол жағы әзірге құпия бола тұрсын. Алла бұйыртса, уақытында көресіздер» дейді ұйымдастырушылар.

Мақаланы дайындарда жасаған жақсылықтарының жария болғанын құп көрмеген жігіттер кейін игілікті істі үлгі етіп, жоқ-жітіктерге қол ұшын созар жандар көбейсе деген ниетпен ғана сұрақтарымызға жауап беруге келісім берді.

- Жалпы кез келген адамның жақсылық жасауға деген ниеті бар. Тек ол жүрек түкпірінде ой күйінде ғана жүзеге аспай жатуы мүмкін. Соны оятуға септессек болғаны, - дейді қамқорлыққа жаны құштар қамысқалалықтар.

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz