АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛУ – МАҢЫЗДЫ

Айтып келмейтін апаттың алдын алуда Аққыстау ауылдық округі бойынша, соның ішінде Аққыстау ауылында атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Округ әкімі Ғаділ Боранбаевпен арадағы жедел сұхбатымызға осы жайттар өзек болды.

-Ауылдық округ бойынша алдымен қандай жұмыстар қолға алынды?

- Алдымен атқарылған жұмыс суды теңізге жетелейтін жолдарды, яғни сай-сал, жылғаларды ашу болды. Біздің Аққыстау ауылдық округі аумағынан, соның ішінде Аққыстау ауылының үстімен Нарын каналы өтеді. Біріншіден, сол каналдың алдын аршу мәселелеріне назар қойылып, тиісті жұмыстарды жоспарлап, бастап кеттік. Ол «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы арқылы жүзеге асты. Бізде «КазСуШар» мекемесі өзінің есебіне алмай отырған ескі Есіркеп қаналы да бар, сол каналдың көп жерлері бітеліп тасталған. Солардың барлығы басқарма техникалары көмегімен ашылды. Қазір сол Есіркеп каналына Нарын каналынан су кетіп жатыр. Аржағында ол жайылым, шабындықтарды айналып барып, ең соңында Каспий теңізіне құяды. Өздеріңіз де білесіздер, теңіз тартылып кетті ғой, су сонда кетіп жатыр, бұл апаттың алдын алудағы алғашқы шаруалардың бірі болды.

Сонымен бірге бізде Шыныбек жаққа Бақсай каналы арқылы келетін және бір канал бар. Ол темір жол көпірі астынан өтіп, әрі қарай Шыныбек ауылына жетіп, одан әрі далаға, сай-салаға сіңеді. Оның да бітеулі жылғаларын ашу аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі арқылы жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ ескі котлавандар бар, соларға баратын да су жолдары ашылды. Жалпы, су тасуы болған жағдайда алдында кедергі болмасын деген мақсатта Бақсай, Нарын каналдарының алдын ашып, бөгеттерін аршып жатырмыз.

 

-Жағалауды бекіту жұмыстары қалай, қандай учаскелерде ұйымдастырылды?

-Жағалауды бекіту жұмыстары да қазір мұқият қолға алынған іс. Жаңағы айтқан, елді мекенді жарып өтіп жатқан Нарын каналы көп уақыттан бері жөндеуден өткен жоқ. Соған байланысты канал бойында жағаны бекіту жұмыстары жүруде.

Канал әуелі Өркен ауылына келеді. Мұнда тұрғын үйлер каналға өте жақын салынып қалған, техника кіре алмайды. Сол себепті ауылдың белсенді жастары, ауыл тұрғындары бірлесе қимылдап, жақын маңға жеткізілген топырақты мешоктарға қаптап, жағалауға жеткізіп, бөгет салу жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар аталған канал бойында Қаратүбек ауылы бар, ол ауылдан белсенді жастар, басқа да үлкен-кіші тұрғындар шығып, жағаны бекіту жұмыстарына ұйымшылдықпен қатысуда. Оларға қажетті топырақты жеткізіп беру әкімшілік тарапынан мүмкіндігінше ұйымдастырылуда.

 

-Кәсіпорындардан, мекемелердін нендей көмектері бар?

-Бұл туралы айтқанда, көмектер бар әрі ол көптік етпейді. Округ бойынша жол салып жатқан мекемелер, «Жайықмұнайгаз» басқармасы, «Сазанқұрақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар, өзіміздің ауылдың жекелеген кейбір кәсіпкерлері арқылы көмек етіліп, техникалары беріліп, жұмыс жасауға мүмкіндіктер туғызылып жатыр.

Ауданда құрылған төтене жағдай жөніндегі штаб бар, округте де штаб құрылған, солармен бірлесе ұйымдастыру шаралары жүзеге асуда. Штабтың күнделікті мәжілісінде атқарылған істер жөнінде есебімізді беріп, кейбір көмек керек тұстарды бірлесе талқылап отырамыз.Жұмыстар солай ұйымдастырылып, кідіріске жол бермеу жағы мұқият қадағалануда. 

 

-Аудан орталығы болғандықтан да ауылдың аумағы үлкен. Оны судан қорғайтын бөгеттер тұрғызу жайы нешік?

-Ауылды қорғайтын бөгеттер тұрғызу жайына келсек, қазір көршілес Тұщықұдық ауылдық округі бойынша округ орталығын судан қорғауда округ әкімдігінің, ауыл жастарының, жалпы тұрғындардың үлкен белсенділігімен ауылды қоршай бөгет тұрғызуға кірісіп, батысындағы Қанаш көпірі учаскесіне қарай созып келеді, ұзындығы 3-4 километрге жақын. Біз өз тарапымыздан сол Қанаш көпірінен жалғастыра, Аққыстау ауылын қоршай Шыныбек бағытына бөгет салуды қажетті техникаларды тарту, азаматтарды ұйымдастыру арқылы бастап жатырмыз. Жалпы, Өркен ауылын, Гран мұнай алаңын айналдыра Шыныбек елді мекеніне дейін 8 километр бөгет құрылысы жүреді деп есеп жасалынды. Ауылдың белсенді жастары, еріктілер, жалпы үлкен-кішіні осыған жұмылдырамыз, қосымша техникалар, адам күштерін де тарту туралы штабпен хабарласылуда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» ғой, сын шақта туған ауылын апаттан қорғау ісінде барша азаматтарымыздың алдыңғы лектен табыларына сенімдіміз, соған үндеудеміз.  

 

-Басқа айтарыңыз бар ма?

-Күні кеше аудан басшысы Нұрым Бекежанұлы да ауылымыздың ақсақалдарымен, осыдан отыз жыл бұрынғы су тасуын көзбен көрген аға буын өкілдерімен пікірлесіп, су өткізетін жылғаларды анықтау бағытында, су көп келген жағдайда оны сол жерлерге қарай бұру туралы, басқа да жағдайларды бажайлап, пікір тоғыстырды, ұсыныстарды тыңдады, керекті кеңестерімен бөліскен де болатын. Сол жүздесу қорытындысымен аудандық штабта арнайы іс-шаралар жасалды. Қазіргі уақыттағы бар жұмыс сол жоспар-жоба бойынша жасалуда.

Мен, өз тарапымнан, қолдауын білдіріп, түсіністік танытып, жәрдемін жасап, қорғаныс жұмыстарына белсене қатысып жатқан ауылдық округке қарасты барлық кәсіпкерлерге, ауылымыздың жастарына, барша тұрғындарына көп-көп рахмет айтам. Олардың қатары көбейе түседі деп есептеймін, өйткені, ауыл өзіміздікі, отбасымыз осында, үлкендеріміз ауыл азаматтарына арқа сүйейді. Ендеше бізге бірлік керек, бірлесе қимылдау керек, бірлік бар жерде тірлік те бар.

-Әңгімеңізге рахмет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.

 

Сұхбаттасқан: Жоламан ДӘУЛЕТИЯР.

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521