Қаралы үйде қазан қайнамасын

Өткен аптада облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Мансұров ауданымызда болып, аудан орталығындағы Зинеден ата мешітінде мешіт жамағаты мен ауылдық округтерден арнайы шақыртылған ақсақалдармен кездесті. Кездесу еркін әңгіме форматында өтіп, кең жайылған дастархан басында ауыл-елдің амандығы, қазіргі тәрбие, сондай-ақ соңғы кездері көп жерде кеңінен әңгіме болып жүрген қаде-садақалардағы ысырап мәселесі сөз болды.

-  Шариғат бойынша о дүниелік болған кісіні көп ұстауға болмайды, - деп бастады қажы әңгімесін. - Жалпы, өлген адамды көп ұстаса денесі бұзылады. Өйткені, ұлық Алла адам баласын жаратарда әуелі қолына топырақ алыпты. Содан кейін оны илеп, балшық қылыпты. Сосын қатырып, ең соңында рух берген екен. Енді, мына қызыққа қараңыз. Адам өлген кезде керісінше тәсілмен өзінің жаратылу жағдайына қайта оралады екен. Ең әуелі денесінен рух ұшып шығады, сосын дене қатады, одан әрі былжырайды, соңында топыраққа айналады. Сондықтан, лажы болса, қайтқан адамның денесін көп ұзатпай жер қойнына берген дұрыс. Әрине, көп адамдар марқұмның алыстағы тума-туысын күтіп, үш күнге, кейде төрт күнге жерлеу рәсімін кешеуілдетіп жатады. Бұл дұрыс емес. Мұны бір кемшілік деп қойғанымыз дұрыс.

Екінші бір кемшілігіміз - кісі қайтқан үйдегі жағдай. Сүйекті ана бөлмеге салып қойып, мына бөлмеде күзетке жиылған көпшілік әжің-күжің әңгіме айтып, бірқатары қарқылдап күліп, дастархан жасап, тамақ жеп жатады. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) «қазалы үй үш күн қайғырсын» деген пәрмені бар. Өйткені, адам жоғалту оңай емес. Сондықтан қаралы үйге үш күн бойына аза тұтуға мұрсат берілген. Әйтсе де, қазіргі жағдайда көбінесе адамдар қайғырудың орнына тойхана жалдаумен, сойыс малын іздеумен, базардан азық-түлік саудалап, кейде банктен несие рәсімдеумен күні өтеді. Егер алыстан ұятты қонақтары, құда-жегжаттары келсе, оларды күтіп алу, тамақтандыру көрші-көлемнің міндеті. Сол себептен үш күнге дейін қаралы үйде қазан қайнамасын деген шариғат тәртібін ұстанғанымыз дұрыс.

Тағы бір қателігіміз – қаралы үйдің садақасындағы дастархан мәзірі. Мәселен, адам қайтқанда үшіне де, жетісіне де, қырқына да, тіпті жылына да келетін, көңіл білдіретін сол бір таныс адамдар, ағайын-туыстар, көршілер мен ауылдастар. Енді өзіміз көріп жүрген осы адамдарға неменеге садақаларда дастарханды құлпыртып жайып, шашылып-төгілеміз? Неге жай ғана бауырсақ немесе шелпек, құрт, май-қаймақ, өрік-мейіз, құрма, тары-талқан, кәмпит-печенье, шай және бір түрлі ыстық тамақпен қарапайым ғана атқарып өткізбейміз? Садақада салат, жеміс-жидек, балық қажет пе? Ең бастысы, қайтқан кісіге баратын біздің аста-төк дастарханымыз емес, оқыған құранымыз ғой.

Ал, жылында шамаңыз жетсе, садақаны мейрамханада атап өтіңіз, ірі қара немесе жылқы сойыңыз, тіпті ат шаптырып, үлкен ас беріңіз. Бес жылдық, он жылдық, жиырма жылдық қаделерін атап өтіңіз. Оған шектеу жоқ. Өйткені, оған сіз алдын ала дайындаласыз. Болатын күні де белгілі. Бірақ, аяқ астынан, күтпей орын алатын қаралы күнде дүрмекке ілесіп, ұятынан қашып, шала бүлінбегеніңіз абзал, сондықтан ысыраптан аулақ болып, садақаларды барынша қарапайым өткізейік, - деді.

Батыржан қажы сонымен бірге ауыл-елдегі оқымаған шаласауатты молдалардың Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бекіткен пәтуаларға бағынбай немесе толық пәрмені жетпей, адамның ақтық сапарын қалай болса солай сауатсыз атқарып жүргеніне де қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, ҚМДБ мешіт имамдарына оқыған, діни сауаты бар, арнайы курстардан өткізілген адамдарды тағайындайды. Сол арқылы ел ішінде бірізділік қалыптасуда. Сол үшін де олардың барлығына ақ шапан киюге рұқсат етіліп, қолдарына ресми түрде құжат берілген. Олар жұма намаздары мен ораза, зекет, тіпті, адам өлгенде соңғы сапарға шығарып салу рәсімдерін де өткізуге құқылы. Ол үшін бірақ олар ешкімнен белгілі бір ақы талап етпейді. Бергенін алады, бермесе тегін атқарады. Ал, оқымаған молдалар, керісінше, әуелі ақы талап етеді. Тағы бір кемшілігі сол, молдалардың көбі жаназа дұғасын дұрыс оқи алмайды екен. - Егер сіздің әкеңіз қайтса, ол кісінің соңғы сапарын атқаруға сенім білдірген молдаңыз шала-шарпы дұға жасап, сауатсыз түрде марқұмның жаназасын шығарса, ол қайтқан кісіге обал емес пе? Тіпті, қиянат. Ол рәсімді мешіт имамы атқаруы тиіс. Алайда, біз ауыл молдаларына да түбегейлі қарсы емеспіз. Олар да атқарсын. Бірақ, сауатты атқарсын. Ол үшін жергілікті мешітке келіп, оншақты күн имамнан сабақ алсын. Жаназа дұғасынан бастап сүйекті пәктеу, кебінге орау, ақтық киімін пішу, табытқа салып, жер қойнына беруге дейінгі ҚМДБ бекіткен барлық тәртіпті меңгерсін. Содан кейін біздер ол кісілерге сертификат береміз. Сосын жаназа рәсімін атқара берсін. Бастысы, тәртіпке бағынып, имамды тыңдаса болды, - деді Батыржан қажы.

Осындай елішілік мәселелерді өткір қозғап, ауыл ақсақалдарының құлағына жеткізген облыстың бас имамы жиылған аудан тұрғындарына шариғи, дәстүрлік әңгімелер айтып, кейбір мәселелер бойынша түсініктер берді. Ақсақалдар да, өз кезегінде қалыс қалмай, тұщықұдықтық Кәки Сапаров, жанбайлық Мырзажан Балпанов, исатайлық Айдолла Нұрсапиндер аудандық мешіт имамы Бейбіт Ағыбаевқа осындай мәнді шара өткізгені үшін алғысын айтып, батасын берді.

Шара соңында аудандық мешіт жанынан құрылған «Аққыстау иман жастары» еріктілер тобы ауылдағы аз қамтылған отбасыларға тегін азық-түліктер таратып, қолғабыс берді.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521