bannerqaz

Астанадан ат басын тіреп келген депутаттар қауымы тұрғындармен кездесті

Парламент депутаттарының бір тобы сәрсенбі күні Исатай ауданына табан тіреді. Ел қалаулыларын Парламент Мәжілісінің депутаты, республикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов бастап келді.

Жұмыс сапарын Аққыстау ауылындағы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен салынған Өркен мектебінің педагогикалық ұжымымен және оқушылар қауымымен кездесуден бастаған депутаттар білім ордасының материалдық-техникалық базасымен танысты. Білім ошағында жасақталған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында елді мекен тарихынан сыр шертетін экспозицияларды да аралап, естелік кітапқа Бақтықожа Салахадинұлы өз қолтаңбасын қалдырды. Одан әрі еркін форматта өткізілген мұғалімдермен пікір алмасу брифингінде депутаттар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда жариялаған «5 әлеуметтік бағыт туралы» Үндеуіне орай түсінік беріп өтті.

– Елбасы жариялаған бес әлеуметтік бағыт туралы халықты әлеуметтік қолдауға арналған бағдарлама бүгінде қызу қолдауға ие. Күні кешеге дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 14-16 пайыз көлемінде тұрғын үйге қол жеткізіп, әрі алғашқы жинау қаржысы тұрғын үйдің 30-50 пайызы мөлшерінде болып келген еді. Ел тұрғындарын одан әрі әлеуметтік қолдау, Қазақстанның тұрғын үйге мұқтаж отбасыларын жаңа тұрғын үйге қол жеткізуге мүмкіндік беру мақсатында «7-20-25» бағдарламасы қабылданғанын білесіздер. Бұл – үлкен мүмкіндік. Өздеріңіз байқап жүргендеріңіздей, соңғы кездері елімізде әлеуметтік-экономикалық әлеуеттің артуына байланысты тұрғын үй құрылысы артты. Өткен жылы 107 миллион 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ол рекордтық көрсеткіш. Әлі де тұрғын үй мәселесі шешіліп болған жоқ. Сұраныс бар. Атырау облысында да, аудандарда да соңғы жылдары әлдеқайда күшейді, -деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Одан әрі депутаттар мектеп ауласына тал егіп, депутаттар аллеясының алғашқы қадасын қақты. Сондай-ақ Аққыстау ауылынан салынып жатқан жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысымен танысқан соң депутаттардың бір тобы Құрманғазы ауылына жол жүріп кетті. Ал, Аққыстау ауылында сапарын одан әрмен жалғастырған депутат, Лондон олимпиадасының чемпионы, ел мақтанышы Серік Сәпиев ауданның жас спортшыларымен кездесті. Өздері үлгі тұтатын даңқты спортшымен рингте «қолғап түйістіріп», шеберлік спаррингін өткізуді арман етпейтін бала бар ма? Осы күні көктен тілегені жерден табылған балғын спортшылар мәз болысып, армансыз суретке түсіп, өздері тұтынатын қолғаптарына қолтаңба қойдырып, ертеңгі күнге үміттің отын үрлетіп, мотивациялық қолдау алды.

 

Аслан МҰРАТҰЛЫ

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz