bannerqaz

Ауылға дәрігер тұрақтамай тұр

Елбасының бес институционалды реформасы – елді дамытудың өзегі екені белгілі. Оны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында еліміз бойынша қоғамдық кеңестер құрылып, белсенді қызмет атқарып келе жатқанын барша жұрт біледі.

Мемлекеттің халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатын іске асыру бойынша өткен аптада ауданымызда өткізілген келелі кеңес соның бір айқын айғағы. Күн тәртібіндегі 2017-2019 жылдарға арналған бюджеттің атқарылуы және аудан тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсетудің және дәрігер мамандармен қамтылу жұмыстарының жайы туралы 2 мәселені талқылу мақсатында бас қосқан кеңеске аудан әкімі М.Мурзиев, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округтер әкімдері қатысты.

Қаржы және бюджет Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы А.Сапаеваның есебінен белгілі болғандай, 2017 жылға жоспарланған 5 млрд. 513 млн. 364 мың теңге көлеміндегі аудан бюджетінің барлық кірістері 5 млрд. 617 млн. 428 мың теңгеге немесе 101,9 пайызға орындалған. Тиісінше бюджет шығыстары 5 млрд. 614 млн. 800 мың теңгеге жоспарланып, 100 пайызға игерілген.

Меншікті кірістер облыстық бюджеттен бөлінген трансферттерді қоспағанда 2 млрд. 56 млн. 3 мың теңгеге жоспарланып, 105,1 пайызға орындалыпты. Атап айтқанда, жеке табыс салығы 255 млн. 100 мың теңге, әлеуметттік салық 188 млн. 500 мың теңге, мүлік салығы 1 млрд. 647 млн. 800 мың теңге көлемінде болған. Жалпы аудан дамуының барлық салаларына бөлінетін қаражаттар өз деңгейінде игерілуімен қатар, жыл соңында дебиторлық және кредиторлық берешектер тіркелмеген. Өткен жыл бойына бюджет көлемі 4 рет нақтыланыпты.

Осы және өзге де мәселелер бойынша қоғамдық кеңес алдында есеп берген А.Сапаеваға алғашқы болып еңбек ардагері Ж.Қадимов мемлекеттік сатып алу саласына қатысты сауал жолдады. Оның сөзінше, тендер өткізу кезінде ең төменгі баға ұсынысын беріп ұтып алатын әлеуетті жабдықтаушылар тауардың ең сапасызын, ал қызметтерді атқарғанда сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланатынын, нәтижесінде тендер өткізудегі сапа шарты ойдағыдай орындалмайтынын баса айтты. А.Сапаеваның мәліметінше, бұл сала бойынша заң нормаларын жетілдіру мәселелерімен қазіргі таңда үкіметтік тұрғыда қаржы министрлігі айналысып жатыр екен.

Сонымен бірге аудан әкімі ауданның даму индикаторларының орындалмай тұрған кейбір салаларына тоқталды. Бұл мәселе бойынша нақты кемшіліктерді атап, орнын толтыру бойынша тапсырмалар берді. Квазимемлекеттік сектордың дамуы-на да назар аударған өңір басшысы бұл салада да кемшіліктердің барын жасырмады. Мәселен, аудандық аурухана шаруашылық жүргізу құқығын иемдену арқылы ақылы қызметтерден 2016 жылы 12 млн, 2017 жылы 16 млн. пайда түсірсе, биылғы бұл меже 20 млн. сомасына жоспарланып отыр екен.

Денсаулық сақтау Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ауданның бас дәрігері Б.Төлегеннің баяндамасы қоғамдық кеңес мүшелері мен мәжіліске қатысушылар арасында қызу талқыға ие болды. Жалпы 25462 тұрғынға қызмет көрсететін денсаулық сақтау мекемесінде 26 жоғары білімді дәрігер мен 163 орта білімді медицина мамандары жұмыс жасайды екен. Әлі де болса жетіспейтін 6 жалпы тәжірибе дәрігері, 2 акушер-гинеколог, 1 анестезиолог-реаниматолог және басқа да маман дәрігерлердің тапшылығынан бүгінгі күні 7 зейнеткер маман қызмет атқарып келеді. Жаңадан оқу бітіріп өзге қалалардан келетін мамандардың барлығына да қызметтік пәтерлер беріліп, жағдайлары жасалғанымен, отбасылық немесе басқа да жағдайлармен кетіп қалатын мамандардың қарасы көп болып тұр. Айталық, 2013 жылдан бері 15 дәрігер жеке клиникаларға ауысып кеткен. Ал өткен жылы қызметке келген 3 дәрігердің барлығы да отбасы жағдайларына байланысты кетіп қалыпты.

Жоспарлы екпе түгел қамтылып, оларды тағайындау бір жүйеге келтірілгенімен, соңғы кездері екпеден бас тарту жағдайлары кездесіп жүр екен. 26 жанұядан 64 бала екпе алмауына байланысты бірнеше шаралар өткізілген. Атап айтқанда, Жанбайдан-1, Аққыстаудан-57, Нарыннан-3, Тұщықұдықтан-3 балаға екпе салынбапты.

Ал дүниеге келген сәбилердің шетінеу көрсеткіштері аса мәз емес. Мәселен, 2016 жылы 3, 2017 жылы 1 бала шетінесе, биылғы жылдың 3 айында 4 бала бұл дүниемен қоштасыпты. Денсаулық сақтау саласының осы және өзге де күрделі қырлары бойынша келтірген дәйектемелерінің соңында Б.Төлегенге қойылған сұрақтардың қарасы өте көп болды. Алғашқы болып сауал жолдаған Тұщықұдық ауылынан келген М.Бектенов жүрек-қан тамыр аурулары мен алқым ісуі бойынша есепте тұрғандарға берілуі тиіс тегін дәрілердің берілмей келе жатқандығына тоқталды. Сонымен бірге қан қысымы 200-ден асып, ауруханаға келетін нау-қастардың тез дәрігерлік көмек көрсетілмеуге байланысты өлу фактілерінің де көбейіп тұрғанын баса айтты.

Жанбайлық М.Аяшевтың сауалы тағы да тегін берілетін дәрілер төңірегінде болды. Оның айтуынша, қазіргі кезде есепте тұрған пациенттерге берілетін тегін дәрі-дәрмектер бұрынғыдай ауруға әсер етпейді екен. Өздіктерінен балаларға арналған міндетті екпені алмау және одан бас тарту мәселесін көтеріп, оның себебін сұраған аудан әкімі М.Мурзиев-тің сауалына жауап берген Б.Төлеген: – Қазіргі кезде екпеден бас тарту фактілері көптеп кездесіп отыр. Оның негізгі себептері, көбінесе, дәстүрлі діни бағытты ұстанбайтын тұрғындарға қатысты болып отыр, – деді.

Оның айтуынша, ондай жанұялардың көбі Аққыстау ауылының еншісінде екен. Ал аудандық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Ғабитова тегін берілетін дәрілер орталық ауруханадан емес, ауылдық округтер мен елді мекендердегі медициналық мекемелерден таратылса деген ұсынысын білдірді. Өйткені бағасы 800 теңге тұратын дәріні алу үшін шалғай ауылдардан 2000 теңгеге такси жалдап келетін жағдайлар көп кездеседі екен.

Сонымен бірге С.Ғабитова ауданда бүгінгі күні анықталған үш өкпе аурулары фактісін алға тарты. Оның дерегінше, көп жағдайда алыс ауылдар мен қырдағы елді мекендерде орын тепкен тұрғындар флюорографиядан өтпейтін көрінеді.

ТҮЙІН Жалпы, айта берсе, денсаулық сақтау саласында қордаланған мәселе көп. Мәселен, бүгінгі күні Исатай, Забурын ауылдық округтерінің фельдшерлік-амбулаториялық пункттеріндегі көліктерде жүргізуші жоқ, ауруды тез анықтауға арналған зертханада лаборант жоқ. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі бас дәрігер Б.Төлегенге шұғыл арада оңтайлы шешім қабылдауды жүктеді.

Сонымен, кеңес соңында күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша кеңес мүшесі М.Өтеғалиев, ал екінші мәселе бойынша Ж.Қадимов хабарлама жасап, сала басшыларының жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға берді. Кеңес мүшелері тарапынан, мәжіліске қатысушылар атынан айтылған сын-пікірлерді жинақтап, редакциялап, шешімін табуы тиіс мәселелерді қоғамдық кеңес атынан атқарушы және өкілді билік органдарына жолдау туралы кеңес шешімі қабылданды.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz