Ауыл жиенге толып кетті

Қазақта «жиен» деген ұғым бар. Бұл сөздің шығу тегінің өзі – бір тарих. Ертеде төркіндеп келген қызының баласына нағашы жұрты бәсіреге мал атап, оған арнайы ен салған. Жер аяғы кеңіп, мал қоңданған соң, «жи еніңді!» деп, баланың бәсіре малын жинап берген екен. Бірақ баяғы салт-сананың өзгергені сонша – жиен атаулының көпшілігі бүгінде нағашы жұртына біржола тұрақтап, сіңісіп кететін жағдайлар жиіледі. Яғни ауыл-ауылда өз әкесін танымайтын, өз жұртын білмейтін «жиендер» өсіп келеді.

Себептер мен салдардар Ажырасу. Ал енді ауылға жиенді қандай тағдыр айдап келді? Соған жауап іздеп көрелікші. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген қызын қияға қондырдым ба дегенде, ұзатылған қызы көп ұзамай жетегіндегі немесе құрсағындағы сәбиімен әке үйінің есігін қайта қағуға мәжбүр. Ішіне сыйған сәбиін қай ана сыртқа тепсін, қай әке маңдайдан қақсын, ел-жұрт желдей гулесе де, өсек өрттей қауласа да, қайта қабылдауға мәжбүр болады. Сосын сәл ес жиған соң қыз екі қолға бір жұмыс әрі жаңа мүмкіндік іздеп қалаға кетеді, ал бала нағашы жұртта қала береді.

Отырып қалу. Бұрын бір үйдің келіні атануды мақсат тұтатын қыз баланың қазір көпшілігі қала көріп, қымбат көлік мініп, жақсы қызмет істеп, жақсы пәтерде тұрғысы келеді. Әуелі соны қамдап барып, сосын тұрмысқа шығуды ойлайды. Содан жүріп қалады да, уақыты өткен соң жалғыз қалмау үшін жандалбасалап бір сәби туып алады. Қиындық содан соң басталады: жары жоқ, жұмысы тоқтаған, жөргекпұл асырауға жетпейді. Сол себепті жаңа туған баласын омыраудан шығарады да, ата-анасына апарып тастайды.

Тұрмыс таршылығы... Жаңадан үйленген жас жұбайлар қызметке араласқанымен, табысы аз болуы мүмкін. Қай адам қазір мамандығымен немесе өзі сүйіп жасайтын жұмысын жасап жүр, өлмеудің амалын істеп қалада пәтер жалдап, кісі есігінде күнелтіп жүргендер де көп қой. Әлеуметтік жағдайдың әлсіздігінен екі жақтап жұмыс жасамаса жағдайдың түзелмесін білген жастарға көбіне-көп көмекке қыздың жұрты келеді екен.

Міне, осындай әлеуметтік мәселелер мен кейбір бейәдеп оқиғалардың кесірінен ел ішінде жиендер көбейіп келеді. Өкінішке орай педагог мамандардың айтуынша, бір сыныпта оқитын он баланың жоқ дегенде бір-екеуі нағашы жұртының қолында тәрбиеленіп жатқандар көрінеді. Әлімсақтан ұлтымызда жетім мен жесір, қараусыз қария, қаңғырған балалардың болмағаны аян. Өзінің шыққан тегін білмейтін ұл нағашы жұртында жүрмеген. Тек бір жағдайда ғана бала нағашы ауылда жүруі мүмкін делінген. Егер ол үйдің жалғыз қызынан басқа перзенті болмаса, онда құдалардың келісімімен жиенді біржола қолға алмаса да, немере іспетті өсіруге нағашы жақ та атсалысқан.

Әрине, баланы өмірге ана әкеледі, сондықтан оның тәлім-тәрбиесіне қоғам болып атсалысу қажет. Өйткені, ауылда жиендер көбейіп тұрған заманда тәрбие оның алдын алудың бірден-бір жолы. Сондықтан өз ұрпағыңызға немқұрайлы қарамағаныңыз абзал. Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 400 мыңнан астам жалғызбасты ана бар екен. Егер орташа есеппен 400 мың ананың 2 баласы бар десек, 800 мың бала әкесіз өсіп келеді.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521