Ауылдың әл-ауқаты артып келеді

Бұдан бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев барлық деңгейдегі әкімдерге жылына бір рет тұрғындар алдында есеп беруді міндеттеген болатын.

Осыған орай аудан аумағындағы барлық ауылдық округтерде есеп беру жиналыстары өткізілуді. Есеп беру жиналысы ең алдымен 15 қаңтар күні Забурын ауылдық округінің орталығы Зинеден ауылында өтті. Онда жылдың қорытындысы мен алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар бойынша Забурын ауылдық округінің әкімі Асылан Ғұбаш тұрғындар алдында есеп берді. Оған аудан әкімі, депутаттар, аудандық салалық бөлімдер мен мекемелер басшылары, ішкі істер органдарының өкілдері мен тұрғындар қатысты.

Ауыл әкімінің айтуынша, бүгіндері ауылдық округке Зинеден ауылы және Амангелді елді мекені қарайды. Округ бойынша 1406 тұрғын тұрып жатса, оның 664-і экономикалық жағынан белсенді. Ауыл орталығында 320 орындық орта мектеп, фельдшерлік пункт, балабақша, клуб үйі, 2 кітапхана, 5 дүкен, 1 телетаратылым, «Қазтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, су тазарту қондырғысы тұрғындарға қызмет етуде.

Бұдан басқа округ аумағында «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының №4 цехы, «Светланд Ойл» ЖШС және «Төбе-Арал» ЖШС-нің май құю пункттері, «Жамбыл», «Құрметті» өндірістік кооперативінің балық қабылдау және оны өңдеу цехы бар.

Өткен жылы З.Жұмажанованың халыққа қызмет көрсету кешені ашылса, биылғы жылы кәсіпкер В. Рахметованың тойханасы пайдалануға берілмекші.

Елді мекендерді сумен қамтуға 3 миллион тоғыз жүз мың теңге бөлініп, қаржысы толықтай игерілген. «Атыраукөлік» ЖШС мекемесі ауыл ішіндегі каналдың 1 шақырымын қазып берген.

Округте 6 шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 10 асыл тұқымды бұқа, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 30 қошқар, «Құлан» бағдарламасы бойынша 3 асыл тұқымды айғыр әкеліп, шаруашылықтарын одан әрі дамытуда.

Сондай-ақ көктемгі балық аулау науқанына 218 адам тартылса, 155 адам кооперативтерге жұмысқа орналасқан. «Жасыл ел» еңбек жасақтарында 25 жас ауылды көркейтуге үлес қосқан. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 3 адам кәсіпкерлік негізде оқытылса, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 3 адамға несие берілген.

Мал басында да өсу байқалады. «Қамқор» қоры және ауыл кәсіпкерлері демеушілігімен жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге қаржылай, заттай көмектер көрсетіліп келеді.

Одан әрі ауыл әкімі аудан әкімінің қолдауымен 6 шақырымдық ауылға кірме және ауылішілік автокөлік және 600 метр жаяу жүргінші жолы салынғанын, облыс әкімі Н.Ноғаевтың бастамасымен Каспий теңізінің аумағында мемлекеттік шекарамызды күзету мақсатында 2016 әскери бөліміне қарасты «Исатай батыр» шекара заставасы ашылғанын тілге тиек етті.

Жиналыста округ әкімі А.Ғұбаштың есепті баяндамасын тыңдаған аудан әкімі М.Мурзиев аудан бойынша өткен жылы жасалған, жаңа жылға жүктелген жұмыстарды атай келе, Зинеден ауылы бойынша көптеген жобалар мен әлеуметтік нысандарды іске қосу жоспарланып отырғанын сөз қылды. Бұдан кейін аудан орталығынан келген салалық бөлімдер мен мекемелер басшылары тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ауданның Құрметті азаматы Ж.Құсайынов ауыл әкімінің бір жылдық есебіне оң баға бере отырып, қасқыр, шибөрі аулау мәселесін қолға алса деген ұсынысын жеткізсе, Чернобыль апатын қалыпқа келтіруші С.Қарабалаев «Қазпошта» бөлімшесіне коммуналдық төлемдер төлеу кезінде қиындықтар кездесетінін айтты. Ю.Гагарин атындағы орта мектеп директоры А.Сатқалиева мектепте акт залдың жоқтығын алға тартты, ауыл тұрғыны М.Биханов ауылда ашылған спорт бөліміне штат санын көбейтіп, тиісінше жабдықталған орын бөлсе деген ойын білдірді.

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521